Ссылки доступа

Кабири Путинге: "Тәжікстандағы саясатыңыз сәтсіздікке ұшырады"


Мухиддин Кабири
Мухиддин Кабири

Тәжікстанда тыйым салынған Ислам өркендеу партиясының төрағасы Мұхиддин Кабири Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, федерация аумағында партияны террористік ұйым деп тануға жол бермеуін сұрады.

Саясаткердің пікірінше, Душанбе "қалыптасқан жағдайды пайдаланып қалғысы келеді: қазіргі Ресей әлсіреді, оқшауланды, украин мәселесінде қолдауға ие болу үшін бәрі не дайын деп есептейді".

Ресей Жоғарғы соты 14 қыркүйекте Бас прокуратураның Тәжікстан ислам өркендеу партиясын террористік ұйым деп тану жөніндегі арызын қарайды.

Путинге 6 қыркүйекте жолданған хатта Кабири ТИӨП-ті террористік ұйым деп таныған жағдайда "партияның ондаған, жүздеген мың жақтастары мен бұрынғы мүшелері, Тәжікстанның қарапайым азаматтары Тәжікстанда ғана емес, Ресейде де тағы да қудалауға, психологиялық және саяси қысымға ұшырайды" деп жазды.

Саясаткер ТИӨП-ті террористік ұйым деп танымауын сұрап, кейінгі бір айда осымен екінші мәрте хат жазып отыр. 11 тамызда Кабири БҰҰ Бас хатшысына үндеу тастап, Ресейден мұндай шешім қабылдамауын талап етуін сұраған.

2015 жылы Тәжікстан Жоғарғы соты Ислам өркендеу партиясына тыйым салып, оны террористік ұйым деп таныды. Содан бері Тәжікстан үкіметі бұрынғы Совет одағы аумағындағы әріптестерінен партияны террористік ұйым деп тануын сұрап келеді, бірақ әзірге дегеніне жете қоймады.

Путинге жазған хатында Кабири Душанбе украин мәселесінде Ресейге қолдау көрсетуді өз талабына айырбастағысы келеді деп топшылады.

"Кейінгі бірнеше айда Рахмонның Таулы Бадахшан автономиялы облысы тұрғындарын жаппай қудалау саясатын Ресейдің қолдауы Тәжікстанның Ресейге бүйрегі бұратын аймағы саналатын аймақтағы мыңдаған бадахшандықтардың көңіліне кір түсірді. Сіздің Тәжікстандағы саясатыңыз сәтсіздікке ұшырады, Владимир Владимирович", — деп жазды Кабири.

Оппозициядағы тәжік саясаткерінің хатын Ресей жағы алған-алмағаны, оған жауап болар-болмасы әзірге белгісіз.

XS
SM
MD
LG