Мемлекет басшысы алтын құйма ұстап суретке түскен бауыры мен Құмтөрдің 19 тонна алтыны жөнінде пікірін айтты.
"Былтыр Лондонның бағалы металдар нарығы қауымдастығы (LBMA) Қырғызстан алтынының әлем нарығында сатылуын шектеді. Сол кезде түріктер шенеуніктер мен менің қабылдауыма кіре алмаған, бізде бюрократия әлі де бар. Олар алтынымызды сатып алғысы, цехтарын көрсеткісі келген, сурет сол кезде түсірілген. Бұны күрделі мәселеге айналдырудың қажеті жоқ. Оларға бір грамм алтын да сатылған жоқ. Түркиядан басқа тағы он шақты елден ұсыныс түсті. Туыстарым елге қалай көмегім тиеді деп ойлайды. LBMA алтынымыздың саудасын шектеген кез, бәрі алаңдады. Сол кезде ол көмектесем деген оймен Түркияға барған. Мемлекет атынан ешкім одан ешкім көмек сұраған жоқ. Ол Құмтөрдің ғана емес, жалпы алтынды қаншаға сатып алып жатқанын білгісі келген. Бірақ тым арзанға сұраған, сол себепті бір грамм да алтын сатылмады", - дейді Жапаров.
Құмтөрдің 19 тонна алтыны туралы сөз қозғаған Садыр Жапаров "19 грамм алтын" да ұрлау мүмкін еместігін мәлімдеді. Президент жауап талап еткен депутаттар мен саясаткерлердің тексеруге келгеніне қарсы емес.
Бұның алдында Жогорку Кенеш депутаты Мирлан Самыйкожо президент әкімшілігінен мемлекет басшысының бауыры Сабыр Жапаровтың алтын құйма ұстап түскен суретіне түсінік беруін сұраған. Бұл сурет әлеуметтік желілерге тараған. Президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев сурет 2017 жылы түсірілгенін жазды. Алайда Сұлтанбаевқа сурет түсірілген күнді қате атағанын айтушылар көбейген кезде хатшы қателескенін мойындаған.
Әлеуметтік желі қолданушылар 2017 жылы президенттің бауыры суреттегіден басқаша болғанын анықтаған. "ПолитКлиника"басылымының мәліметінше, Сабыр Жапаровтың даулы суреті Түркиядағы Ahlatci Metal Rafineri зауытында түсірілген болуы керек.