Ссылки доступа

Солтүстік Корея ядролық мемлекетке айналғанын жариялады


Солтүстік Корея өзін ядролық мемлекет деп атады. Оңтүстіккореялық "Ренхап" агенттігінің хабарлауынша, КХДР Жоғарғы халық жиналысы "Ядролық қаруға қатысты саясат" деп аталатын заң қабылдады.

Жаңа құжат КХДР шабуылға ұшыраған жағдайда автоматты түрде жауға ядролық соққымен жауап қайтаруға рұқсат береді.

"Мемлекеттің ядролық күштерін басқару жүйесі шабуылға тап болса, қарсыластың күшін, сонымен бірге арандатушы ошағы мен басқару пунктін жою үшін алдына ала белгіленген жоспар бойынша автоматты түрде ядролық соққы жасалады", - деп жазылған құжатта.

Заңға сәйкес, ядролық қару қолдану туралы жарлықты мемлекет басшысы Ким Чен Ын ғана бере алады. Сессияда сөйлеген сөзінде ол Солтүстік Кореяның мұндай қаруды қолданудағы саясаты "шабуылдау" сипатына ие екенін мәлімдеп, КХДР АҚШ-тың "жауласқан саясатына" байланысты ядролық қарудан ешқашан бас тартпайтынын айтты.

Солтүстік Корея жетекшісінің мәлімдеуінше, АҚШ КХДР-дің "ядролық қуатын жоюды", "жүйені тайдыру үшін қорғану мүмкіндінінен айыруды" көздейді.

Ким Чен Ынға шабуыл жасалған жағдайда да ядролық соққы жасалатыны құжатта жазылған. Жаңа заңда ядролық қару "сыртқы агрессияға тойтарыс берудің ең соңғы амалы ретінде қолданылатыны", Солтүстік Корея оны бірінші болып қолданбайтыны жазылған.

2022 жыл басталғалы бері Солтүстік Корея 17 мәрте зымыран сынады. Соңғысы мамыр айында өтті: екі зымыран Пхеньянға жақын маңдағы Сунан ауданын Жапон теңізіне қарай ұшырылды. Содан кейін Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёля КХДР-ге денуклеаризацияны экономикалық көмекке алмастыруды ұсынды. КХДР лидері Ким Чен Ынның әпкесі, Еңбек Партиясы ОК бөлім басшысының орынбасары Ким Ё Чжон ұсынысты "сандырақ" деп атады. Ол ресубликаның ядролық қаруға ие болуына "ұлылық" деп сипаттап, КХДР билігі оны ешқандай "экономикалық көмекке" айырбастамайды деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG