Ссылки доступа

Қырғызстан премьері Бішкектегі колонияларды бес жылда сыртқа көшіруге уәде берді


Қырғызстан астанасындағы колониялар бес жыл ішінде Бішкектен басқа жерге көшіріледі. Бұл туралы премьер-министр Ақылбек Жапаров мәлімдеді. Ол бұрынғы №47 колонияны бұзу жұмыстарын көрді.

Жапаров №47 колонияның ғимараты ескіргенін, оның үстіне бұл мекеме қаланың адам көп шоғырланған ауданында орналасқанын, сол себепті оны басқа жерге көшіру керектігін түсіндірді.

Бұрынғы колонияны бұзып, орнын тазалаумен Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі айналысып жатыр. Оның орнына көп қабатты әлеуметтік тұрғын үй салынады.

Қырғызстанда 11 түзеу колониясы бар. Солардың төртеуі жалпы режимде, үшеуі қатаң режимде жұмыс істейді. Қалған мекемелерде әйелдер, жасөспірімдер және туберкулезбен ауыратындар отыр.

Жаза орындау қызметінің мәліметінше, Бішкекте екі түзеу мекемесі қалды: №1 тергеу изоляторы және №32 қоныс колониясы.

Биыл маусым айында үкімет Бішкектегі №47 бұзу туралы шешім қабылдады. Колониядағы түрлі қызметтер елдің басқа жерлерінде орналасқан арнайы мекемелерге көшіріледі.

№47 колонияда 2020 жылдың аяғынан бері бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев отырды. 2022 жылғы сәуірде оны Молдованов ауылындағы №27 колонияға ауыстырды.

XS
SM
MD
LG