Ссылки доступа

Тәжікстандықтар биліктің Әмударияда алтын өндіруге рұқсат беруін күтіп жүр


Ауғанстанның солтүстік провинциясында жүздеген адам Әмудария (Пяндж) өзені бойында алтын өндірумен айналысады. "Талибан" қозғалысының басшылығы оларға отбасын асырау үшін алтын өндіруге рұқсат берген.

Тәжікстан билігі де өзеннің тәжік жағалауында құнды металл өндіруге рұқсат беруге уәде еткен, алайда үкімет қаулысы әлі қабылданған жоқ.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікті басып алған соң Әмудария өзенінің Бадахшан провинциясынан Тахор провинциясына дейінгі жағалауларында алтын өндіретін жүздеген жаңа орындар пайда болды. Ауған ауылдарының тұрғындары алтын өндіруден түсетін табыс күн көруге жетеді дейді. Алайда Әмудария жағалауларында ауған азаматтары нақты қанша алтын өндіретіні белгісіз.

Пяндж өзені (Әмудария Вахшқа қосылғанда Пяндж өзені басталады) жағалауларында тұратын тәжікстандықтарға алтын өндіруге рұқсат жоқ. Хатлон облысы Хамадони әкімшілігінің басшысы Бозорали Одиназода алтын өндіру мәселесі тәжік-ауған шекарасындағы жағдайға байланысты дейді. Тәжікстан мен Ауғанстанның ортақ шекарасы 1344 шақырымға созылып жатыр.

"Мен ауданды 2018 жылдан бері басқарып келемін. 2019 жылы бізге Қытайдың бір компаниясының өкілдері келіп Пяндж өзенінде алтын өндірумен айналысқысы келді, бірақ белгісіз себептермен кәсіпорынын ашпады", дейді аудан басшысы.

Пяндж жағалауларында шекаралас аудан тұрғындарына алтын өндіруге рұқсат беру мәселесі 2021 жылдың аяғында Тәжікстан үкіметінің отырысында талқыланған. Дегенмен бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

Тәжікстан билігі 2020 жылы жеке тұлғаларға түрлі-түсті және құнды металл, қымбат тастар өндіруге рұқсат берді. Содан кейін мыңдаған адам еңбек миграциясын тастап, Хатлон және Соғды облыстарында алтын өндіруге көшті. Бір жарым жыл ішінде 3,5 мыңнан астам тәжікстандық Қаржы министрлігінен алтын өндіруге рұқсат алды.

Тәжікстанда алтын құм Зарафшан, Пяндж, Кофарнихан өзендерінде, сонымен бірге Таулы Бадахшандағы өзендерде кездеседі.

XS
SM
MD
LG