Ссылки доступа

Қамаудағы тәжік журналисі Абдулло Гурбатидің фильмі Қазақстандағы байқауда жүлде алды


Қамауда отырған тәжік журналисі Абдулло Гурбати түсірген фильм Baiqonyr International Short Film Festival байқауының сыйлығына ие болды. Халықаралық байқау 7-11 қыркүйек аралығында Алматыда өтті.

Гурбатидің "Тым үлкен" фильмі байқауға қатысқан 17 жұмыстың арасында ең үздік деректі фильм деп танылды.

"Тым үлкен" фильмі арбакеш болып істейтін 13 жастағы баланың ауыр тағдыры туралы. Фильм кейіпкері Әбдірахман оқығысы келеді, бірақ тұрмыс тауқыметі мектепке баруға мүмкіндік бермейді.

Журналист Абдулло Гурбатиді биыл 15 маусымда кешке Душанбе қаласы Шомансур аудандық прокуратурасының қызметкерлері ұстады. Билік тілшіні милиция бөлімінде бір қызметкерді ұрды деп айыптады. Кейін Тәжікстан ішкі істер министрлігі қамаудағы журналисті елде тыйым салынған Ислам өркендеу партиясымен байланыс орнатқан деп айыптады. Абдулло Гурбати мен оның туыстары тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Тәжікстан ислам өркендеу партиясының жетекшілері Гурбати ешқашан партия құрамында болмағанын, онымен ешкім байланыс орнатпағанын мәлімдеді.

26 жастағы Абдулло Гурбати бұның алдында "Азия-Плюс" ақпарат агенттігіне видеосюжеттер дайындаумен айналысқан. Журналист фейсбуктегі парағында қоғамдағы мәселелерді жиі көтерген. Соңғы уақытта ол блогер Далер Имомалиге видеорепортаж дайындауға көмектесіп жүрген. Оның достары мен әріптестері Гурбатиді блогермен бірге сыни репортаждар дайындағаны үшін жазалады деп есептейді.

XS
SM
MD
LG