Ссылки доступа

Қырғыз Шекара қызметі: Тәжікстанмен шекарадағы Көк-Сайда да атыс болып жатыр


Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының тағы бір жерінде атыс басталды. Бұл жолы Баткен ауданына қарасты Көк-Сай елдімекенінде Тәжікстан шекарашылары қырғыздың"Достық" шекара бекетіне оқ атты, деп хабарлады Қырғызстан Шекара қызметі.

Мәліметке қарағанда, қырғыз шекарашылары қарымта оқ атқан. Атыс болып жатыр. Тәжік жағы шекараның тағы бір бөлігінде атыс басталғаны туралы әзірге мәлімет таратқан жоқ.

14 қыркүйекте таңертең Баткен ауданының Бұлақ-Башы елдімекенінде атыс болды. Атыс бірнеше сағатқа созылды, деп хабарлады Қырғызстан Шекара қызметі.

Қырғыз жағының нұсқасы бойынша, Қырғызстан Шекара қызметінің күзеті Баткен облысы Баткен ауданына қарасты Бұлақ-Башы елдімекенінде Тәжікстан шекарашылары жүргенін байқаған. Тәжік шекарашылары шекараның мәртебесі анықталмаған бөлігінде "ұрыс шебін" құрған. Қырғыз Шекара қызметінің хабарлауынша, Тәжікстан шекарашылары аумақтан кету туралы талапқа құлақ аспай, оқ атқан. Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің шекарашылары қарымта қайтару үшін қару қолданған. Қырғыз жағының мәліметінше, тәжік шекарашылары миномет пайдаланған. Алдын ала мәлімет бойынша, қырғыз жағынан ешкім зардап шекпеген.

Тәжік жағының хабарлауынша, 14 қыркүйекте сағат 07:15-те Қырғызстанның Баткен шекара отрядының "Бұлақбоши" шекара бекетінің шекарашылары Тәжікстанның "Исфара" шекара отрядының "Кех" шекара бекетіне қарай минометпен төрт мәрте оқ атқан, себепсізден-себепсіз пулеметпен, автоматпен және басқа да қару түрлерімен тәжік шекарашыларының шебін атқылаған". Тәжікстан әскерилері қарымта оқ атқан. Тәжікстан ҰҚМК Шекара әскері "бұл мекенге қырғыз жағы қосымша әскери күштер мен қару-жарақ түрлерін тартқан" деп хабарлады.

Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосы дереккөздерінің хабарлауынша, 14 қыркүйекте таңертең тәжік-қырғыз шекарасындағы атыс барысында бір тәжік шекарашысы мерт болып, екі адам жараланды. Reuters агенттігі тәжік шекарашысы қаза болғаны туралы хабарлады.

Тәжікстан шекара әскерінің баспасөз орталығы шекарадағы ахуал туралы ресми мәлімет таратқанымен, зардап шеккендер туралы хабарламады.

Қырғыз-тәжік шекарасының осы тұсында кейінгі бірнеше айда осымен үшінші мәрте атыс болды. 3 маусымда көрші елдердің шекарашыларының атысы бірнеше сағатқа созылып, Қырғызстанның екі сарбазы жараланды. Сол кезде қырғыз жағы Тәжікстан шекарашылары Булақ-Башы елдімекеніндегі шартты шекара сызығын заңсыз кесіп өтіп, Қырғызстан аумағына өтті деп хабарлаған.

14 маусымда Бұлақ-Башы елдімекенінде екі елдің шекарашылары тағы да жанжалдасып қалды. Қырғыз жағы бұл жолы ешкім зардап шекпегенін хабарласа, Тәжікстан шекара бекетінің командирі жараланғанын мәлімдеді. Озоди дереккөздерінің дерегінше, шекарадағы атыстан 26 жастағы тәжік шекарашысы қаза болған. Соғды облысының төрағасы Раджаббой Ахмадзода сол кезде шекарашы қазасы туралы мәліметті растамады, жоққа да шығармады.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Шекарадағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.

XS
SM
MD
LG