Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы күштерді алып кету мәселесін талқылап жатыр


Баткен облысындағы Радар деп аталатын жерде Қырғызстан мен Тәжікстан делегацияларының кездесуі өтіп жатыр. Шекарадағы ахуал күрделі, деп хабарлады Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметі.

Жүздесуге екі елдің шекара қызметтерінің өкілдері, жекелеген күш құрылымдарының, құқық қорғау органдарының және аудан әкімдіктерінің жетекшілері жиналды.

Баткен облысының басшысы Әбдікәрім Әлімбаевтың хабарлауынша, тараптар шекарадан қарулы күштерді алысырақ жерге алып кету мәселесін талқылап жатыр. Лейлек ауданының әкімдігіне жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.

14 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында болған бірнеше атыстан екі тәжік жауынгері мерт болды, 11 адам жараланды.

"Азия-Плюс" ақпарат агенттігінің Ворух жамағатындағы дереккөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, алты шекарашы мен бес жергілікті тұрғын түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Агенттік мәліметінше, шекарадағы атыста жараланған 26 жастағы тәжік жауынгері түстен кейін ауруханада көз жұмған.

Қырғыз жағы төрт адам - екі жауынгер мен екі жергілікті тұрғын жараланғанын хабарлады.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарада атысты бірінші бастады деп бір-бірін айыптады.

Қырғыз жағының нұсқасы бойынша, Қырғызстан Шекара қызметінің күзеті Баткен облысы Баткен ауданына қарасты Бұлақ-Башы елдімекенінде Тәжікстан шекарашылары жүргенін байқаған. Тәжік шекарашылары шекараның мәртебесі анықталмаған бөлігінде "ұрыс шебін" құрған. Қырғыз Шекара қызметінің хабарлауынша, Тәжікстан шекарашылары аумақтан кету туралы талапқа құлақ аспай, оқ атқан. Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің шекарашылары қарымта қайтару үшін қару қолданған. Қырғыз жағының мәліметінше, тәжік шекарашылары миномет пайдаланған. Алдын ала мәлімет бойынша, қырғыз жағынан ешкім зардап шекпеген.

Тәжік жағының хабарлауынша, 14 қыркүйекте сағат 07:15-те Қырғызстанның Баткен шекара отрядының "Бұлақбоши" шекара бекетінің шекарашылары Тәжікстанның "Исфара" шекара отрядының "Кех" шекара бекетіне қарай минометпен төрт мәрте оқ атқан, себепсізден-себепсіз пулеметпен, автоматпен және басқа да қару түрлерімен тәжік шекарашыларының шебін атқылаған". Тәжікстан әскерилері қарымта оқ атқан. Тәжікстан ҰҚМК Шекара әскері "бұл мекенге қырғыз жағы қосымша әскери күштер мен қару-жарақ түрлерін тартқан" деп хабарлады.

Қырғыз-тәжік шекарасының осы тұсында кейінгі бірнеше айда осымен үшінші мәрте атыс болды. 3 маусымда көрші елдердің шекарашыларының атысы бірнеше сағатқа созылып, Қырғызстанның екі сарбазы жараланды. Сол кезде қырғыз жағы Тәжікстан шекарашылары Булақ-Башы елдімекеніндегі шартты шекара сызығын заңсыз кесіп өтіп, Қырғызстан аумағына өтті деп хабарлаған.

14 маусымда Бұлақ-Башы елдімекенінде екі елдің шекарашылары тағы да жанжалдасып қалды. Қырғыз жағы бұл жолы ешкім зардап шекпегенін хабарласа, Тәжікстан шекара бекетінің командирі жараланғанын мәлімдеді. Озоди дереккөздерінің дерегінше, шекарадағы атыстан 26 жастағы тәжік шекарашысы қаза болған. Соғды облысының төрағасы Раджаббой Ахмадзода сол кезде шекарашы қазасы туралы мәліметті растамады, жоққа да шығармады.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Шекарадағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.

XS
SM
MD
LG