Ссылки доступа

Қырғыз арнайы қызметінің басшысы Баткен облысында күш құрылымдарының жиналысын өткізді


Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамчыбек Тәшиев Баткен облысында жүр. Мәліметті Азаттықтың Қырғыз қызметіне облыс әкімдігі растады.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Тәшиев қазір облыстардың, күш құрылымдарының басшыларымен жабық жиналыс өткізіп жатыр.

"Регион" телеарнасы Тәшиевтің журналистер сауалдарына жауап беріп отырған сәтінде түсірілген видеоны жариялады. Арнайы қызмет басшысының айтуынша, жанжал қарсаңында тәжік жағы Баткен облысының шекарадағы елдімекенінде бес нысанға оқ атты, олардың бірі азаматтық нысанға жатады. Атысқа Тәжікстан арнайы жасағы араласты, дейді Тәшиев.

"Тәжікстан жағы арнайы жасақ дайындап қойғанын көрдік. Шекара қызметіміз қара киімдегі және басқа да формадағы адамдар оларға оқ атқанын көрді. Олар әлі де бір жерлерде тығылып жүруі мүмкін. Біз ешкімді еліміздің шекарасына бір метрге де жақындатпаймыз, қауіпсіздігімізді қорғаймыз", - деп мәлімдеді Тәшиев.

ҰҚМК басшысы қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды әзірге тыныш деп сипаттады.

14 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның үш жерінде атыс болды. Тараптар шабуылды бірінші бастады деп бір-бірін айыптады.

Қырғыз жағы шекарадағы атыста бес адам жараланғанын хабарласа, тәжік жағы екі шекарашы мерт болғанын, 11 адам жараланғанын мәлімдеді.

15 қыркүйекте таңертең, Қырғызстан Шекара қызметінің мәліметінше, қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай айтарлықтай тұрақты деп сипатталды. Түн тыныш өтті, атыс болмады. Тараптар түнде шекарадағы қосымша күштерді шығару жұмысын аяқтады.

XS
SM
MD
LG