Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарағы қосымша күштерді шығарды


Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара қызметтері өткен түнде шекараға тартылған қосымша күштерді шығарумен айналысты. Бұл туралы Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

15 қыркүйекте таңертең қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай айтарлықтай тыныш деп сипатталды. Өткен түнде атыс болған жоқ.

"Бұның алдындағы келісімге сәйкес, тараптар түні бойы шекараға тартылған қосымша күштерді шығарумен айналысты, құқық қорғау органдарының бөлімдері шекара аумағын бірге күзетті. Тараптар шекараның мәртебесі анықталмаған жерлеріне күзет қоймады", - деп хабарлады Шекара қызметі.

14 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның үш жерінде атыс болды. Тараптар шабуылды бірінші бастады деп бір-бірін айыптады.

Қырғыз жағы шекарадағы атыста бес адам жараланғанын хабарласа, тәжік жағы екі шекарашы мерт болғанын, 11 адам жараланғанын мәлімдеді.

Қырғыз-тәжік шекарасының осы тұсында кейінгі бірнеше айда осымен үшінші мәрте атыс болды. 3 маусымда көрші елдердің шекарашыларының атысы бірнеше сағатқа созылып, Қырғызстанның екі сарбазы жараланды. Сол кезде қырғыз жағы Тәжікстан шекарашылары Булақ-Башы елдімекеніндегі шартты шекара сызығын заңсыз кесіп өтіп, Қырғызстан аумағына өтті деп хабарлаған.

14 маусымда Бұлақ-Башы елдімекенінде екі елдің шекарашылары тағы да жанжалдасып қалды. Қырғыз жағы бұл жолы ешкім зардап шекпегенін хабарласа, Тәжікстан шекара бекетінің командирі жараланғанын мәлімдеді. Озоди дереккөздерінің дерегінше, шекарадағы атыстан 26 жастағы тәжік шекарашысы қаза болған. Соғды облысының төрағасы Раджаббой Ахмадзода сол кезде шекарашы қазасы туралы мәліметті растамады, жоққа да шығармады.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Шекарадағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.

XS
SM
MD
LG