Ссылки доступа

Қостанай облысындағы өрт: Орман шаруашылығы басшысы қамауға алынды


Қостанай облысының прокуратурасы 13 қыркүйекте "Басаман орман шаруашылығы мекемесінің" басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Қыркүйек басында бұл аумақта ірі орман өрті болған. Әулиекөл аудандық соты орман шаруашылығының директоры Асхат Жақашевті қамауға санкция берді. 15 қыркүйекте ол қамауға алынды, деп хабарлады "ТоболИнфо" сайты.

Прокуратураның хабарлауынша, қазір Асхат Жақашев тергеу изоляторында отыр.

"Іс Әулиекөл ауданындағы ірі өртпен байланысты. Өрт Басаман орман шаруашылығынан басталып, кейін Әулиекөл орман шаруашылығына тараған. 43 мың гектардан астам жер өртеніп, 91 үйді өрт шалған" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Прокуратура "Отпен немесе қауiптiлігі жоғары өзге де көздермен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірген іс-әрекет жасау", "Орманды жою", "Өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

"ТоболИнфо" сайтының хабарлауынша, бұған дейін Асхат Жақашев аймақтағы өртке байланысты түсініктеме берген кезде "бұл бесінші дәрежедегі өрт, сол себепті ол уақытта ешкім орманға бармаған" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, "өрт жас шыршалар өсіп тұрған жерден тұтанған".

Жақашевтің айтынша, өрт туралы хабарлама түскеннен соң өрт сөндіру көліктерінің барлығы оқиға орнына барған.

Қыркүйектің басында Қостанай облысында орман өртеніп, Әулиекөл ауданындағы бірнеше елді мекенге жайылған еді. Өрт аумағы ондаған мың гектарға жеткен. Шамамен 2 мың адам баспанасынан айырылған. Бір адам қаза болып, тағы бір адам із-түзсіз жойылған. Билік ауыл тұрғындарына шығынды өтеп, баспананы қалпына келтіруге көмектесуге уәде берген. Бірақ зардап шеккендерге арналған жаңа үйлерге тұрғындардың көңілі толмайды, ал өтемақы көлемі мардымсыз. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, үйлер батпақ жерден салына бастаған, ал үйлерді ылғал басқан. Баспанасыз қалған жұрттың айтуынша, аймаққа келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев үйлерінен айырылған санаулы адамдармен ғана сөйлескен.

XS
SM
MD
LG