Арнайы қызметтің 15 қыркүйекте жарияланған мәлімдемесінде "жанжалды тағы да тәжік жағы ушықтырды" деп жазылған.
Комитет 8 қыркүйекте көрші елдің "Тәжікстан тәуелсіздігі күні қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету деген желеумен арнайы бөлімдерді Ворух анклавына көшіріп, шекараның шартты сызығында майдан шебін әзірлеуін" арандатушылық әрекет деп сипаттаған.
"Қырғыз жағы заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында түрлі деңгейде келіссөздер өткізу туралы бірнеше мәрте бастама көтерді. Келіссөздерге қарамастан, тәжік жағы 14 қыркүйекте ҰҚМК Шекара қызметі Баткен отрядының "Бұлақ-Башы" шекара бекетінде атыс қаруы мен минометтармен әскери агрессия көрсетті. Қару бір уақытта бес түрлі бағытта қолданылды. Кезекті қарулы агрессия салдарынан 10 азаматтық нысан мен жергілікті үш тұрғын зардап шекті, жараланғандар арасында 11 жастағы бала бар", - делінген ҰҚМК мәлімдемесінде.
Арнайы қызмет "Қырғыз Республикасы аумағының тұтастығына жасалған қарулы шабуылға қара түсті әскери форма киген сақалды адамдар да қатысқанын" атап өтті.
14 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның үш жерінде атыс болды. Тараптар шабуылды бірінші бастады деп бір-бірін айыптады.
Қырғыз жағы шекарадағы атыста бес адам жараланғанын хабарласа, тәжік жағы екі шекарашы мерт болғанын, 11 адам жараланғанын мәлімдеді.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Шекарадағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.