Ссылки доступа

Бішкекте парламент алдына жиналғандар биліктен шекарадағы ахуалды реттеуді талап етті


Бішкекте 16 қыркүйекте Жогорку Кенеш алдына бір топ адам жиналып, биліктен қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалды тоқтатуын талап етті.

Акцияға қатысушылардың бірқатары Баткен облысынан келген. Олар қосымша әскер енгізуін, жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруін, сонымен бірге Исфанадан Бішкекке арнайы рейстер ұйымдастырылуын сұрайды.

Митингіге жиналғандардың бірқатары спикер Талант Мамытовпен кездесуге барды.

Бұның алдында Жогорку Кенештің баспасөз қызметі 16 қыркүйекте сағат 13:00-де басталған кезектен тыс отырыста шекарадағы жағдай талқыланатынын хабарлаған.

16 қыркүйекте таңертең Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы ахуал тағы қиындады. Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің мәліметінше, қырғыз-тәжік шекарасының барлық жерінде қарулы қақтығыс жүріп жатыр. Тараптар қақтығыс бастады деп бір-бірін айыптады.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 18 қырғызстандық жараланғанын хабарлады. Reuters агенттігі Тәжікстанның бір бейбіт тұрғыны мерт болғанын, тағы бірнеше адам жараланғанын жазды. Қаза болғандар мен жараланғандар туралы ресми ақпарат жоқ.

Қырғызстан төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі Баткен облысында шекараға бойындағы ауылдардың тұрғындарын эвакуациялай бастады. Бірнеше жерде уақытша тұрақтар ашылды, бұған қоса жергілікті тұрғындар автокөліктерімен қауіпсіз аудандарға кетіп жатыр.

"Ақ-Сай, Самаркандек, Ақ-Татыр тұрғындары Рават ауылына көшірілді, Баткен қаласында ашылған уақытша тұрақтарға адамдар келе бастады. Жаны-Жер – Арқа, Достук, Орталық және Жаштык елдімекендері тұрғындарының 70-80 пайызы өз күшімен көшті", - деп хабарлады ТЖМ.

Министрлік Баткен облысына көмек көрсету үшін қызметкерлер мен техника сол аймаққа жіберілді.

Мәліметтерге қарағанда, атыс жүріп жатқанына байланысты Баткен ауданынан Қадамжай ауданына апаратын жол жабылды, сол себепті жергілікті тұрғындар "Сох" анклавы арқылы көшіріліп жатыр. Бұның алдында Рават ауылының басшысы Бақытбек Тұрдуев 10 мыңнан астам адам пана іздеп келгенін хабарлаған. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік нақты қанша адам қауіпсіз жерге көшірілгені туралы мәлімет жарияламады.

XS
SM
MD
LG