Ссылки доступа

ҰҚШҰ бас хатшысы қырғыз-тәжік шекарасындағы ахуалға байланысты екі ел өкілдерімен келіссөз жүргізді


Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Станислав Зась Қырғызстан мен Тәжікстан Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары Марат Иманқұлов пен Насрулло Махмұдзодамен шекарадағы ахуалдың ушығуына байланысты телефонмен келіссөз жүргізді.

Бұл туралы ҰҚШҰ хабарлады.

"Келіссөздер барысында тараптар атысты тез арада доғару керектігін, жанжалды бейбіт жолмен реттеу үшін құзырлы органдар шекарадағы жағдайға байланысты келіссөздер жүргізуі қажеттігін айтты", - деп жазды ҰҚШҰ.

16 қыркүйекте таңертең Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы ахуал тағы ушықты. Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің мәліметінше, қырғыз-тәжік шекарасының барлық жерінде қарулы қақтығыс жүріп жатыр. Қырғызстан мен Тәжікстан атыс бастады деп бір-бірін айыптады.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс салдарынан 31 адам зардап шекті. Бұл туралы Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

"Сағат 13.00-дегі шұғыл мәлімет бойынша, Баткен облысындағы бірлескен аурухана тағы 13 науқас жеткізілді. Ауруханаға барлығы 31 адам түрлі жарақаттармен түсті. Науқастардың жағдайы мен диагнозы туралы мәлімет кейінірек таратылады", - деп хабарлады министрлік.

Бұның алдында Reuters агенттігі Тәжікстанның бір бейбіт тұрғыны мерт болғанын, бірнеше адам жараланғанын хабарлаған. Қаза болғандар мен жараланғандар туралы ресми ақпарат жоқ.

Қырғызстан төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі Баткен облысындағы шекараға жақын ауылдардың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Жергілікті тұрғындар автокөліктерімен уақытша тұрақтарға қарай жылжыды.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

XS
SM
MD
LG