Ссылки доступа

"Қазпоштаның" жүзге жуық қызметкері наразылық білдірді


16 қыркүйекте Алматыдағы «Қазпошта» мекемесінің алдына 100-ге жуық адам жиналып, жалақыларының өте төмен екендігін, оған қоса бұған дейін алып жүрген сыйақылардың тоқтап қалғанын айтып, наразылық білдірді.

Жиналғандар айына 100 мың теңге көлемінде ғана жалақы алатынын жеткізіп, қымбатшылық жағдайда мұндай айлыққа өмір сүру еместігін айтты.

«Қазпошта» мекемесінің Алматыдағы бөлімшелерінің бірінде басшы болып істейтін Ботагөз Қаңтарова жалақының төмендігінен қызметкерлер тұрақтамайтынын айтты.

–15 жыл бойы бастық болып істеймін. Біз мотивация бойынша келіп тұрған жоқпыз. Өйткені мотивация барлығына бірдей емес. Мәселен, көлемі үлкен бөлімшелерде әрбір сәлемдемеге (посылка) 30 теңгеден төленеді. Кішкентай бөлімшелерде ондай сәлемдеме болмайды десе де болады. Бізге қажеті – жалақының көтерілуі. Екіншісі - кадр мәселесі. Маман тұрақтамайды. Жұмыстың барлығын басшылық – өзіміз жасаймыз. Реттеуге де өзіміз кетеміз. Арасында хат тасимыз. Зейнетақыны да таратып кетеміз. Кассаға отырамыз. Барлық жұмысты жасаймыз. Бірақ ешқандай қосымша ақша төленбейді, - дейді Ботагөз Қаңтарова.

Жиналғандар мекемеде қызметкерлерге жағдайдың жасалмағанын, түскі асқа 10 минут қана берілетінін, мереке күндері мен артық істеген күндеріне ақша төленбейтінін, ары-бері жүрген жол шығындарын да өздері қалтасынан өтейтінін айтып шағымданды.

Өзін компания өкілімін деп таныстырған Ержан Байтан деп таныстырған азамат «қызметкерлердің жұмыс істеуіне қарай төленетін қосымшаның көлемі өскенін» айтты.

– Бұл жерде адамдар дұрыс түсінбей жатыр. Біз қазір мотивацияны көтеріп жатырмыз. Қаңтар айында жалақыны көтергенбіз. Енді тағы да көтереміз. Бірақ қанша пайызға көтеретінін айта алмаймын, - деді мекеме өкілі.

Басшылықтың айтуынша, Алматы қаласында "Қазпоштаның" 900 қызметкері жұмыс істейді.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Алматыға "Қазпошта" басқарма төрағасы Серік Саудабаев ұшып келген. Ол жұмысшылармен келіссөз жүргізбек.

Компания өкілдері кейбір ақпарат құралдарындағы жұмысшылардың жалақы көлемі туралы ақпарат дұрыс емес екенін алға тартты. Мекеменің хабарлауынша, компанияда 40 мың теңге жалақы алатын төрт пошташы ғана бар, олар айына 24 сағат қана жұмыс істейді. Жұмыс көлемінің азаюына байланысты жартылай ставкада істейтіндердің саны 47-ге жеткен. Компания "жағдайды реттеу үшін барлық шара қолданатынын" хабарлады.

XS
SM
MD
LG