Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан қарулы қақтығысқа бірін бірі айыптады 


Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі 18 қыркүйекте тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдайға қатысты бірінші рет ресми мәлімдеме таратып, көрші мемлекетті "қарулы агрессия жасап, шекараға оқ атты" деп айыптады.  

Тәжікстан СІМ мәліметінше, қақтығыс кезінде кемінде 30 бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Олардың ішінде бір отбасының бес мүшесі, 6 жастағы Асмоа мен 5 жастағы Имранның, аяғы ауыр әйелдердің қайтыс болғаны айтылған. Сонымен бірге жедел жәрдем көлігіне, бейбіт тұрғындардың үйлері мен әкімшілік ғимараттарға қарата оқ атылғаны хабарланып, бұл актілердің бәрі гуманизм принциптері мен халықаралық гуманитарлық заңдарға қайшы келетіні мәлімденген.

Тәжікстанның ресми мәлімдемесінде 14 қыркүйек күні таңертең қырғыз шекарашылары "себепсіз" Исфарадағы тәжік өткізу бекетіне миномет, пулеметен оқ атқаны жазылған.

Азаттықтың тәжік қызметі дереккөзіне сілтеме жасап, 14-16 қыркүйекте 39 адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі де Тәжікстанмен шекарадағы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме таратты.

Қырғызстан 14-17 қыркүйектегі жағдайды Тәжікстан тарапынан Қырғызстанның тәуелсіздігіне қол сұғу әрі алдын ала жоспарланған қарулы акті деп атады.

"Қырғызстан тәжік тарабынан қарағанда өзге елдің аумағын басып алу мақсатында емес, жерін қорғау ұстанымында болды. Тәжікстанның бұл әрекетін халықаралық талаптарға қайшы әрі деструктивті деп бағалаймыз. Әскери техникаларын қолданып, еш себепсіз шекараға қарсы, бейбіт тұрғындарға қарсы оқ атты. Қырғыз-тәжік шекарасының сызығы созылып жатқан Баткен мен Лейлек аудандарына, Баткен облысының орталығына, Баткен қаласына оқ атты. Оқ атуды тоқтату жөніндегі осыған дейінгі бірнеше келісімнің бар екеніне қарамастан, тәжік тарабы Достық, Ақсай, Интернационал, Жаштык, Борбордук, Арқа және Кулунду елді-мекендерін басып алды", - делінген Қырғызстанның СІМ таратқан мәлімдемеде.

Қырғызстан тарабы мәлімдемесіне айғақ болатын материалдар жеткілікті екенін айтты.

16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында ірі қақтығыс болды. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлады. Сол күні атысты тоқтату туралы келісім жасалғанмен шекарада атыс қайта жалғасқан. Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланды.

17 қыркүйекте де шекарада қақтығыс тыншымады, тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптады. Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, бұл жолы Ош облысының Чон-Алай ауданында қақтығыс болған.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыстың салдарынан 36 адам қаза болған, арасында бейбіт тұрғындар да бар. Кемінде 144 адам зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG