Ссылки доступа

Қырғыз президенті Аза тұту күнінде халыққа үндеу арнады (видео)


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 19 қыркүйекте халыққа үндеу арнады. Мемлекет басшысы тікелей эфирде қырғыз-тәжік шекарасында қаза болған жауынгерлердің туыстарына көңіл айтып, мемлекет марқұмдардың отбасыларына көмектеседі деп мәлімдеді.

Бұған қоса, Жапаров Баткен облысында зардап шеккендерге көмек жинап жүрген азаматтарға алғыс айтып, мемлекетті органдардың бәрі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

"Қазынада ақша бар, мемлекеттің үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған азаматтар мен жауынгерлердің қажетін өтеуге шамасы жетеді. Екі жыл бұрын қару-жарақ жетіспесе, қазір армиямыз сол кездегідей әлсіз емес. Армия нығайып келеді. Мемлекеттің қираған үйлерді жуық арада қалпына келтіруге қаражаты жетеді. Біздің күшейгеніміз ішкі және сыртқы жауларда алаңдатып отыр", - деді президент.

Ол қырғызстандықтарды арандатушыларға ермеуге, ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды. Мемлекет басшысы ер азаматтарға Баткен облысына барудың қажеті жоғын, Қырғызстан армиясының ел шекарасына төнген қауіппен күресуге қауқары жететінін айтты.

19 қыркүйек Қырғызстанда Баткен облысында қаза болғандарды Аза тұту күні деп жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы мәлімет бойынша, шекарадағы қақтығыстан 59 адам мерт болды, олардың арасында бейбіт тұрғындар да бар.

Ұлттық аза тұту күні елде, сонымен бірге шетелдегі дипломатиялық мекемелерде Қырғызстан туы түсірілді, мәдениет орындары мен телерадиокомпанияларға бұл күні ойын-сауық шаралары мен бағдарламаларынан бас тартуға кеңес берілді.

16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстанның Баткен облысындағы шекарасында қарулы қақтығыс болды. Тараптар бірінші оқ атты деп бір-бірін айыптады. Атысты доғару туралы келісім болғанына қарамастан, 17 қыркүйекте де көрші елдердің Ош облысындағы ортақ шекарасында қарулы қақтығыс болды.

18 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан қарулы агрессия жасады бір-бірін айыптады.

Жексенбі күні Тәжікстан сыртқы істер министрлігі 14 қыркүйектен бері шекарадағы қақтығыстардан 32 адам қаза болғанын, олардың көбі бейбіт тұрғын екенін мәлімдеді. Бұның алдында Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөздерге сүйене отырып 14-16 қыркүйек аралығында шекарадағы жанжалдан 39 адам мерт болғанын хабарлаған. Басқа да тәуелсіз дереккөздерден әзірге мәліметті растау мүмкін болмай отыр.

XS
SM
MD
LG