Ссылки доступа

Тәжікстан төрт қырғыз сарбазын тұтқыннан босатты 


Тәжікстан төрт қырғыз сарбазын тұтқыннан босатты деп хабарлады Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиев.

Оның сөзінше, босатылғандардың бірі жарақат алған, қалған үшеуінің жағдайы бірқалыпты. Олардың бәрі ауруханаға жеткізілген.

Ол сонымен бірге Тәжікстан аумағында екі елдің комиссия өкілдері кездесіп, "тұрақтылықты сақтауға" келіскен. Бірақ келіссөздің барысы жөнінде Камчыбек Ташиев ашық айтпады.

19 қыркүйектегі мәлімет бойынша, қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыстан 59 қырғыз азаматы қайтыс болып, 164-і жараланған. Олардың 13-і - бала.

Тәжікстан тарабы 41 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.

Қырғызстан 19 қыркүйекті Ұлттық аза күні деп жариялады.

16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында ірі қақтығыс болған. Екі тарап "жанжал бастады" деп бірін-бірі айыптаған. Қақтығыс кезінде бірнеше рет келіссөз жүріп, екі тарап оқ атуды тоқтатуға уағдаласқанымен шекарадағы атыс қайта жалғаса берген. Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланған.

Қырғыз-тәжік қақтығысы 14 қыркүйекте Тәжікстанның Исфара және Бободжон Гафуров аудандары мен Қырғызстанның Баткен облысы шектескен тұста басталып, көп ұзамай Тәжікстанның Лахш ауданы мен Қырғызстанның Ош облысы арасындағы шекараға ұласқан.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 970 шақырым шекараның басым бөлігі әлі күнге нақты белгіленбеген. Осыған байланысты екі ел халқы мен шекарашылары арасында су мен жерге байланысты жиі қақтығысып келеді.

XS
SM
MD
LG