Иманкулов Баткендегі оқиғаны "тәжік тарапының агрессиясы мен қылмысы" деп бағалады.
"СІМ шетел мемлекеттерінің елшілері мен халықаралық ұйымдарға шынайы ақпараттар мен дәлелдер беретін болады. Біз бұл мәселені халықаралық деңгейге жеткіземіз әрі халықаралық деңгейде зерттейтін боламыз. Біз осыған дейін де бірнеше рет "біз ешкімнің жеріне шабуыл жасамаймыз, бізге өзгенің бір метр де жері керек емес, біз мәселені күшпен шешкіміз келмейді" деп мәлімдеп келдік. Бұл мәселені үкіметаралық комиссия шешсін. Қажет болса, халықаралық деңгейге жеткіземіз. Мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр", - деді Марат Иманкулов.
Қырғызстан үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаровтың мәлімдеуінше, Баткен облысында 282 нысан зардап шеккен. Олардың дені әлеуметтік нысандар, әскери ғимараттар мен жеке үйлер.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға екі мемлекет бірін-бірі айыптап жатыр.
19 қыркүйектегі мәлімет бойынша, қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыстан 59 қырғыз азаматы қайтыс болып, 164-і жараланған. Олардың 13-і - бала.
Тәжікстан тарабы 41 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.
16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында ірі қақтығыс болған. Екі тарап "жанжал бастады" деп бірін-бірі айыптаған. Қақтығыс кезінде бірнеше рет келіссөз жүріп, екі тарап оқ атуды тоқтатуға уағдаласқанымен шекарадағы атыс қайта жалғаса берген. Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланған.
Қырғызстан 19 қыркүйекті Ұлттық аза күні деп жариялады.
Қырғыз-тәжік қақтығысы 14 қыркүйекте Тәжікстанның Исфара және Бободжон Гафуров аудандары мен Қырғызстанның Баткен облысы шектескен тұста басталып, көп ұзамай Тәжікстанның Лахш ауданы мен Қырғызстанның Ош облысы арасындағы шекараға ұласқан.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 970 шақырым шекараның басым бөлігі әлі күнге нақты белгіленбеген. Осыған байланысты екі ел халқы мен шекарашылары арасында су мен жерге байланысты жиі қақтығысып келеді.