Ссылки доступа

Өзбекстанда Сардоба су қоймасындағы апат бойынша тағы 29 адам сотталды 


Өзбекстанда Сардоба су қоймасындағы апатқа байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында тағы 29 адам сотталды. 

Кun.uz басылымы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлағандай, сотталушылар "Ақша ұрлау", "Қызметін асыра пайдалану" және "Қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру" баптары бойынша кінәлі деп танылған.

Сот үкіміне сәйкес, "Узтемирйулкурилишмонтаж" компаниясының бас директорының орынбасары 10 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған. Гидротехникалық ғимараттарды салу бөлімінің басшысы 5 жылға сотталып, 122,6 миллион сум (11,2 мың доллар) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелсе, "УзГип" ЖШС бөлім басшысы 5 жылға еркінен айырылып, 133,8 миллион сум (12,2 мың доллар) айыппұл төлейтін болды.

Қалған сотталушыларға да айыппұл салынып, түрлі мерзімге еркіндігі шектелді.

2021 жылдың мамыр айында Өзбекстанның Жоғарғы соты Сардаба су қоймасындағы апат бойынша қылмыстық істі қарап, 17 адамды соттаған.

2020 жылдың 1 мамырында Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардаба су қоймасы жарылып, алты адам қаза тауып, 70 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Қазақстанның Өзбекстанға жақын Түркістан облысында да тұрғындар көшірілген. Бұдан бөлек Мақтарал өңірінің тұрғындары зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, 2 570 жеке және 76 көпқабатты үй су астында қалып, 7000 гектар егінді алқапты су шайып кеткен. 300-ге жуық мал қырылған.

XS
SM
MD
LG