Ссылки доступа

Тәжікстанда шекарадағы қақтығыстан зардап шеккендерге көмектесу науқаны басталды


Тәжікстанда тәжік-қырғыз шекарасында жақында ғана болған қарулы қақтығыста қаза болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау науқаны басталды.

Азаматтар қиын жағдайға тап болғандарға азық-түлік, киім, тұрмысқа қажетті басқа да заттармен көмектесе алады. Билік Қырғызстанмен шекарада болған қақтығыс шығынын әлі жариялаған жоқ.

20 қыркүйекте гуманитарлық жүк тиелген алғашқы автокөлік Душанбеден Исфараға жолға шықты. Гуманитарлық көмекті еріктілер мен азаматтық белсенділер жинады.

Украиналық Юлия Демо - қақтығыстан зардап шеккен исфаралықтарға гуманитарлық көмек жинау науқанына қатысушылардың бірі. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ол Тәжікстанға көшіп келген.

"Исфарада зардап шеккендер көмекке зәру екенін білдім. Үйде артық көрпе-жастық болды. Соларды көмек жинау штабына өткіздім, сосын еріктілерге қосылдым", дейді Юлия.

Блогер Зарнигор Хусейновтың әлеуметтік желілердегі үндеуін ондаған адам қолдап, гуманитарлық көмек бере бастаған.

Худжанд қаласында еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары гуманитарлық көмек жинаумен айналысатын бірнеше пункт ашты. Ондаған адам көмектесуге келісті.

Қырғызстанмен шекарада қарулы қақтығыс басталған алғашқы күні ондаған тәжікстандық жаралылар үшін қан тапсырды. Билік мәліметінше, қақтығыс кезінде ондаған адам жараланған, олардың бірнешеуінің жағдайы ауыр.

Еске салайық, 14-17 қыркүйекте Тәжікстан мен Қырғызстанда тағы бір ірі қарулы қақтығыс болды. Тараптар шабуылды бірінші бастады деп бір-бірін айыптап отыр. Тәжікстан билігі 41 адам мерт болғанын хабарласа, Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 59 адам қаза болғанын жариялады.

XS
SM
MD
LG