Ссылки доступа

Садыр Жапаров БҰҰ бас хатшысымен қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалды талқылады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришпен Нью-Йоркте кездесті. Бұл туралы президент әкімшілігі хабарлады.

Мемлекет басшысы Тәжікстан жағын қырғыз-тәжік шекарасының барлық жерінде "себепсіз агрессия" жасады деп айыптады.

"Президент тәжік жағы бұның алдында жасалған келісімдердің бәрін бұзып, 14, 15 және 16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасының барлық жерінде әскери және азаматтық нысандарды атқылағанын айтты", - деп жазылған президенттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Антониу Гутерриш қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы жанжалдан зардап шеккен қырғызстандықтарға көңіл айтты.

Бұның алдында Садыр Жапаров БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясында сөйлеп, шекарадағы екі ірі жанжал туралы баяндап берді. Ол қырғыз жағы тәжік билігімен келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Еске салайық, 14-17 қыркүйек аралығында Қырғызстан мен Тәжікстанда тағы бір ірі қарулы қақтығыс болды. Тараптар шабуылды бірінші бастады деп бір-бірін айыптап отыр. Тәжікстан билігі 41 адам мерт болғанын хабарласа, Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 59 адам қаза болғанын жариялады.

XS
SM
MD
LG