Ссылки доступа

Әшімбаев: Қазақстанға келген адамның туған елінен рұқсаты болмаса, ықтиярхат берілмейді


Қазақстанға келген өзге елдің азаматының туған елінен рұқсаты болмаса, ықтиярхат берілмейді. Бұл кез келген ел азаматына қатысты заңда жазылған талап.

22 қыркүйекте "ресейліктердің елге ағылып келіп жатқаны" туралы сұраққа жауап берген сенат спикері Мәулен Әшімбаев осылай деді. Оның айтуынша, мәселеден құзырлы органдар хабардар.

"Егер Ресей азаматтары бізге келгісі келсе, ол процесті шектемеуіміз керек... Мұнда ықтиярхат туралы сұрап жатыр. Қандай да бір елдің азаматы Қазақстаннан ықтиярхат алғысы келсе, өкілетті органдарға өткізуі тиіс құжаттар тізімі бар. Олардың арасында "сол адам келген елдің рұқсаты болуы керек" деген пункт те бар. Біздің заңнамада бәрі айқын жазылған. Егер қандай да бір ел азаматы мемлекеті рұқсат бермесе де, қандай да бір амалдармен кетіп қалған болса және Қазақстаннан ықтиярхат сұраса, Қазақстан оған ықтиярхат бере алмайды" деді Мәулен Әшімбаев.

Ол сөз арасында қазір халық жағдайды "дұрыс түсініп, байбалам салмауы керек" деді.

"Жалпы алғанда мемлекеттік органдар жағдайдан (ресейліктердің ағылуынан) хабардар. Қазір талқылаулар жүріп жатыр" деді Мәулен Әшімбаев.

Бір күн бұрын Ресей басшысы Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтқан. Осыдан соң Ресей азаматтарының елден жаппай кете бастағаны туралы ақпарат тараған. Мысалы, сәрсенбі кешке Мәскеуден Ресей азаматтары визасыз кіре алатын елдерге ұшақ билеттері бірдемде сатылып кеткені жайлы хабар болды. Әлеуметтік желілерде Ресеймен көрші елдер шекарасында көлік кептелісі пайда болғаны жайлы видеолар тараған.

Желіде Ресейде әскерге алуға жарамды азаматтарға "елден шығуға тыйым салынғаны" туралы да ақпарат шыққан. Бірақ ақпарат әзірге расталмады.

Қазақстанның құзырлы органдары әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

тараған. Сәуір айында Қазақстан ішкі істер министрлігі 2022 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанда уақытша тұруға өтініш түсіргендер көбейгенін айтқанмен, соғысқа байланысты Ресей мен Украинадан Қазақстанға көп адам көшіп келе жатыр деген ақпаратты растамаған.

Ал тамыз айында РБК сайты 2022 жылы сәуір-маусым айларында Қазақстанға Ресейден 570 мың адам келгенін жазған. Бұл алғашқы үш аймен салыстырғанда 28 пайызға көп.

XS
SM
MD
LG