Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасында 8 өткізу бекеті жабылады 


Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы сегіз өткізу бекеті жабылады. Осылай деп Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиев мәлімдеді. 

Қырғыз үкіметі құрған Медиа штаб хабарлағандай, мұндай шешім Камчыбек Ташиев пен Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимовтің 25 қыркүйектегі кездесуі кезінде қабылданды.

"Қақтығысқа алып келген негізгі өткізу бекеттерін алып тастады. Біріншіден, Тәжікстан тараптан "Бедак", Қырғызстан тараптан "Тамдык" шекара посты толық алынады. Ол жерде әскери қызметкерлер де, жолаушылар да болмайды. Екіншіден, Қырғызстаннан "Булак-Башы", Тәжікстаннан "Кех" бекеті толық алынады. Үшінші Тәжікстаннан "Карачикум", Қырғызстаннан "Катта-Туз" шекара бекеті алынады және бірде-бір әскер болмайды. Одан бөлек Қырғызстаннан "Дача", Тәжікстаннан "Шаршара" бекеті алынады. Осылай екі өлкеден төрттен өткізу бекеті алынып, қақтығыстарды жоюға мүмкіндік туады",- деді Ташиев.

Бұдан бөлек ол Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасын делимитация және демаркациялау бойынша комиссия жұмысын тездетіп аяқтау бойынша іске кірісетінін жеткізді.

14-17 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында қан төгілген оқиғаны Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі "Тәжікстанның алдын ала жоспарлаған қарулы агрессиясы" деп атаған. Тәжікстан да Қырғызстанға осындай айып тағып жатыр.

Шекарадағы қарулы қақтығыста Қырғызстан 62 азаматын жоғалтты, олардың қырқы әскери қызметкер. Жарақат алғандардың ресми саны 200-ге жақындады. Шекарадағы қырғыз ауылдарынан қауіпсіз аймаққа көшірілгендер 140 мыңнан асты.

Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі шекарада 41 азаматы қайтыс болғанын мәлімдеді. Алайда Озоди радиосы бұлақтарына сүйеніп, қаза тапқан 74 адамның тізімін жариялады.

XS
SM
MD
LG