Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан шекараның кейбір тұсына камералар орнатуға келісті


Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметі екі елдің арнайы қызмет басшылары қабылдаған хаттаманың кейбір ережелері туралы хабарлады.

Құжатқа 25 қыркүйекте Қырғызстан ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев пен Тәжікстан ҰҚМК басшысы Саймүмін Ятимов қол қойған.

Мәліметке қарағанда, тараптар шекараны күзететін кейбір бөлімшелерді алып тастап қана қоймай, шекараның кейбір бөліктерін жылжымалы шекара жасақтары күзетеді деген ортақ шешім қабылдады. Шекара жасақтары "шекарада алдын ала келісілген бағыттармен ғана жүріп өтеді".

Бұған қоса екі жақ шекараның жанжал жиі болатын орындарында бейнебақылау камераларын орнатуға келісті.

Мемлекеттік биліктің жергілікті органдары Қырғызстан мен Тәжікстан диқандарына қырғыздың Тамдық, Бұлақ-Башы ауылдарында, тәжіктің Бедак, Кех ауылндарында егістік жерлерінде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Шекарадан әскер мен ауыр әскери техниканы алып кету жұмыстары тоқтамайды.

Бұның алдында Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев тәжік арнайы қызметінің басшысы Саймүмін Ягимовпен бірге хаттамаға қол қойғанын хабарлады. Оның айтуынша, шекарада жанжал болмас үшін үнемі жанжал туындайтын шекара бекеттерін уақытша жабу туралы шешім қабылданды. Қырғыз жағы "Тамды", "Бұлақ-Башы", "Қатта-Тұз" және "Дача" бекеттерін, ал тәжік жағы "Бедак", "Кех", "Қарақшықұм" және "Шаршара" бекеттерін жабады.

14-17 қыркүйек аралығында Қырғызстан мен Тәжікстан әскерлері арасында қарулы қақтығыс болды. Жанжал салдарынан Қырғызстанның 62 азаматы мерт болып, 200-ге жуық адам жараланды. Жүздеген үй мен әскери нысан қирады. Шекара бойындағы аудандардың 140 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. 18 қыркүйекте Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанды қарулы агрессия жасады деп айыптады.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі шекарадағы жанжалдан 41 адам қаза болғанын хабарлады. Озоди радиосының дереккөздері тәжік-қырғыз шекарасында мерт болған 74 тәжікстандықтың аты-жөнін жариялады. Тәжік жағында мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы мәліметті басқа да тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмай отыр.

XS
SM
MD
LG