Президенттің баспасөз хатшысы Эрбол Сұлтанбаев Facebook'тегі парағында осылай деп жазды.
Оның айтуынша, "оларға қару ұстатып, шекараны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары аяқталғанша күзетуге жіберу" туралы тапсырма берілді.
"Бір метр болса да жер берген болсақ, олар соны шекарада жүріп дәлелдесін. Жалған ақпарат таратушылар соны өздері сол жақта жүріп бақыласын. Қос тарап бір-біріне жақын орналасқан шекара бекеттерін алып тастады. Ол жерлерде болмашы нәрсеге бола атыс шығады, кейді ірі жанжалға ұласады. Сол себепті тараптар осындай ортақ шешім қабылдады. Бір де бір бекет ашылмады. Делимитация мен демаркация мәселесі шешілмейінде бұл бекеттер ашылмайды. Уақытша хаттама Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары толық аяқталғанша күшінде болады", - деп жазды Сұлтанбаев.
Бұның алдында Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев тәжік арнайы қызметінің басшысы Саймүмін Ягимовпен бірге хаттамаға қол қойғанын хабарлады. Оның айтуынша, шекарада жанжал болмас үшін үнемі жанжал туындайтын шекара бекеттерін уақытша жабу туралы шешім қабылданды. Қырғыз жағы "Тамды", "Бұлақ-Башы", "Қатта-Тұз" және "Дача" бекеттерін, ал тәжік жағы "Бедак", "Кех", "Қарақшықұм" және "Шаршара" бекеттерін жабады.
14-17 қыркүйек аралығында Қырғызстан мен Тәжікстан әскерлері арасында қарулы қақтығыс болды. Жанжал салдарынан Қырғызстанның 62 азаматы мерт болып, 200-ге жуық адам жараланды. Жүздеген үй мен әскери нысан қирады. Шекара бойындағы аудандардың 140 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. 18 қыркүйекте Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанды қарулы агрессия жасады деп айыптады.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі шекарадағы жанжалдан 41 адам қаза болғанын хабарлады. Озоди радиосының дереккөздері тәжік-қырғыз шекарасында мерт болған 74 тәжікстандықтың аты-жөнін жариялады. Тәжік жағында мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы мәліметті басқа да тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмай отыр.