Ссылки доступа

Қазақстан шетел паспорты жоқ шетелдіктердің тұрақтап қалуына тыйым салуы мүмкін


Қазақстан ішкі істер министрлігі "шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларын" өзгертуді жоспарлап отыр. Қағида жобасы "Ашық үкімет" сайтында жарияланған.

Қолданыстағы қағида бойынша, өтініш беруші ұлттық паспортының түпнұсқасы мен көшірмесін көрсетуге міндетті. Ал ұсынылған өзгерісте ұлттық паспорт орнына шетелдік паспорт деп жазылады, өйткені "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңның 1 бабының 13-тармағы бойынша "шетелдік паспорт – шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын және олардың құқықтық мәртебесін растайтын құжат ретінде Қазақстан Республикасы танитын құжат" болып саналады.

Заң жобасы Путин Ресейде мобилизация жасап, Ресей азаматтары Қазақстанға жаппай қаша бастаған соң бес күннен кейін, 26 қыркүйекте көпшілік талқысына шығарылған. Заң жобасы 10 қазанға дейін талқыланады.

Pasportist порталының мәліметіне қарағанда, 2022 жылғы статитистика Ресей азаматтарының 30 пайызында ғана шетелдік паспорт бар екенін көрсеткен.

Мұнан өзге құжатқа соттылығы бар, я жоқ екені туралы құжат қағаз жүзінде берілуге тиіс деген өзгеріс енгізіледі. Оған құзырлы органның өкілетті қызметкері қол қойып, мекеменің мөрі басылуы қажет.

21 қыркүйекте Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған соң Ресейдің әскерге жарамды мыңдаған азаматы шетелге қашқан. Оның бір бөлігі Қазақстанға беттеп, Қазақстан мен Ресей шекарасында бірнеше шақырымға жететін кептеліс пайда болған.

Қазақстан қоғамы Ресей азаматтарының жаппай келіп жатқанына алаңдай бастағаны байқалған. Әлеуметтік желіде "бүгінгі босқындар кешеге дейін Ресейдің Украинаға басып кіргенін үнсіз қолдап келгендер" дейтін ой-пікір жиі айтылады. Қазақстанның Ресеймен шекаралас қалаларында Ресейден қашып келгендерді түнетіп, ас-су бере бастаған.

XS
SM
MD
LG