Ссылки доступа

Түркияда өтетін Дүниежүзі көшпенділері ойындарына 148 қырғыз атлеті қатысады


Биыл Түркияда өтетін IV Дүниежүзі көшпенділері ойындарына Қырғызстан 148 спортшы жібереді. Бұл туралы Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке қарағанда, Ойындардың ашылу салтанатына Қырғызстаннан отыз шақты мәдениет қайраткері қатысады.

Министрлік мәліметінше, көк-бөру мен алыш (белдесу) ресми жарыстарға қосылды, ал тоғыз құмалақ пен қырғыз курошы қосымша жарыс ретінде ұйымдастырылады. Қырғыз спортшылары жарыстың басқа да түрлерінде бақ сынайды.

IV Дүниежүзі көшпенділері ойындары 29 қыркүйекте Түркияның Изник қаласында салтанатты түрде ашылып, 2 қазанда аяқталады.

Дүниежүзі көшпенділері ойындары 2014 жылдан бері Қырғызстан бастамасымен ұйымдастырылып жүр. Алғашқы ойындар сол жылы өтсе, екінші және үшінші ойындар да 2016 мен 2018 жылдары Қырғызстанның Ыстықкөл облысында ұйымдастырылды.

2018 жылы жарыс эстафетасы Түркияға ұсынылды. Сол кезде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жарыс авторлығы Қырғызстанда қалатынын, бірақ IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру құқығы Түркияға берілгенін мәлімдеді.

Ойындар 2020 жылғы күзде Бурса қаласында өтеді деп жоспарланған, алайда коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілді. Ұйымдастырушылар Ойындарды Изник қаласына ауыстырды.

XS
SM
MD
LG