Ссылки доступа

Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі қырғыз мигранттарын мобилизациялау туралы "құжатқа" түсініктеме берді


Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Орталық Азия елдері, оның ішінде қырғыз мигранттарын да мобилизациялау туралы әлеуметтік желіде тараған "құжатқа" түсініктеме берді.

Елшілік 1 қарашаға дейін Ресей ІІМ мобилизациялау мақсатында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтарын көші-қон басқармаларына шақыру механизмін бекітіп, жүзеге асыруы тиіс деп жазылған құжаттың "жалған" екенін айтты.

Әлеуметтік желіде тараған бұйрықта одан бас тартқан мигранттардың Ресейде жұмыс істеу құқығынан айырылатыны және елге келуге бес жылға тыйым салынатыны жазылған.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Елшілік қырғызстандықтарды расталмаған ақпаратқа сенбеуге және оны басшылыққа алмауға шақырады" деп жазылған елшілік ақпаратында.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Ресейде мобилизация жариялаған. Бұл Украинадағы әскери қимылды жалғастыру қажеттілігімен түсіндірілді. Оның алдында Ресей қарулы күштеріне еңбек мигранттарын тарту мақсатында Ресей азаматтығын алу шарттары жеңілдетілді.

Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі шетелдегі соғысқа қатысқан азаматтарының қылмысқа тартылатынын ескертіп, әскерге шақырту алған жағдайда дипломатиялық өкілдікке хабарласуды өтінді.

Соңғы ресми мәлімет бойынша, шетелде 1 млн 118 мың қырғыз азаматы уақытша тұрып, жұмыс істейді. Басым бөлігі – 1 млн 63 мың адам Ресейде.

XS
SM
MD
LG