Ссылки доступа

Бішкек тұрғыны твиттерде "қырғыз халқын қорлағаны үшін" бір жылға сотталды


Қырғызстан астанасындағы 1-май ауданының соты Бішкек қаласының В.Е. есімді бір тұрғынын Twitter әлеуметтік желісінде қалдырған жазбасы үшін бір жылға соттады.

Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке қарағанда, биыл сәуір айында Бішкек қаласында тұратын бір әйел мас кезінде "қырғыз халқын қорлайтын" пост жариялаған. Тергеу "ұлт араздығын туғызды" деген айыппен қылмыстық іс қозғады.

Биыл 27 мамырда сот сараптамасы күдіктінің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы қырғыз халқының намысына тиетін сипатта жазылғанын растады, деп хабарлады 1-май аудандық соты.

Сот мәліметінше, әйел кінәсін мойындап, соттан бас бостандығын айырмауын өтінген. Алайда, сотталушының жасаған ісіне өкінетініне қарамастан, сот оның әрекеті "ұлтаралық қақтығыс тудыра жаздады" деген қорытындыға тоқтаған.

XS
SM
MD
LG