Ссылки доступа

Баткен облысындағы қақтығыс кезінде қираған 160 үй cүрілді


Қырғызстанның Баткен облысында қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыстың салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. 3 қазанға дейін өңірде 160 қираған үй сүрілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі хабарлады.

Мәліметке қарағанда, комиссия 640 үйдің қирағанын анықтап, соның 423-ін жарамсыз деп тапқан. Осы уақытқа дейін 160 қираған үй сүрілді.

ТЖМ мәліметінше, 11 әкімшілік-стратегиялық нысан, 27 әлеуметтік нысан, 335 қора-қопсы, 197 шаруашылық нысан, 1 автокөлік көпірі, 61 автокөлік бүлінген.

Баткен обылсында 136 мың 770 эвакуацияланған болса, 125 мыңы үйге оралды. Үйсіз қалғандар үшін уақытша баспана ұйымдастырылды.

14-17 қыркүйек аралығында Қырғызстан мен Тәжікстан әскерлері арасында қарулы қақтығыс болды. Жанжал салдарынан Қырғызстанның 62 азаматы мерт болып, 200-ге жуық адам жараланды. Жүздеген үй мен әскери нысан қирады. Шекара бойындағы аудандардың 140 мыңға жуық тұрғыны қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. 18 қыркүйекте Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанды қарулы агрессия жасады деп айыптады.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі шекарадағы жанжалдан 41 адам қаза болғанын хабарлады. Озоди радиосының дереккөздері тәжік-қырғыз шекарасында мерт болған 74 тәжікстандықтың аты-жөнін жариялады. Тәжік жағында мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы мәліметті басқа да тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмай отыр.

XS
SM
MD
LG