Ссылки доступа

Дереккөз: Тәжік блогері Абдусаттор Пірмұхаммадзода азаптауға шыдамай, экстремизм айыбын "мойындаған"


Абдусаттор Пирмухаммадзода
Абдусаттор Пирмухаммадзода

Тәжікстан тергеу қызметіне қатысы бар бір дереккөздің Озоди радиосына хабарлауынша, 9 шілдеде экстремизм күдігімен ұсталған блогер Абдусаттор Пірмұхаммадзода "аяусыз азапталған". Қысымға төзбеген ол эктремистік қызметке қатысы барын "мойындаған".

Дереккөздің айтуынша, Пірмұхаммадзоданың жағдайы мәз емес, оның аяқ-қолы көгеріп кеткен. Блогердің туыстары оның соты келесі аптада Душанбе қаласының Сомони аудандық сотында басталатынын айтты.

Абдусаттор Пірмұхаммадзода — Тәжікстан мемлекеттік телерадиосының бұрынғы қызметкері, кейінгі жылдары блогерлікпен шұғылданған. Оның YouTube'тегі видеоплатформасына 40 мыңға жуық адам жазылған. 9 шілдеде Пірмұхаммадзоданы Вахдат қаласының милициясына шақыртқан, туыстары содан бері оны көрмеген. Кейін блогерге экстремизм айыбы тағылғаны мәлім болды.

"Ол азапталғаны туралы айтпайды. Бетінде азаптау ізі көрінбейді. Ол жақында туыстарымен кездесті. Азаптау туралы ештеңе айтпады, өйткені кездесуге ресми өкіл де қатысты. Шынын айтсақ, азапқа шыдамаған блогер тағылған айыптардың бәріне қол қоюға мәжбүр болған", - дейді дереккөз.

Мәліметті ресми дереккөзмен растау мүмкін болмай отыр, өйткені тергеу изоляторының басшылығы мен тергеушілер осы іске қатысты сөйлескісі келмейді.

Кейінгі үш айда Тәжікстанда жеті блогер мен журналист қамауға алынды. Халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар мен Батыс елдері Тәжікстан үкіметін журналистерді қудалауды доғаруды талап етіп отыр. Билік мұндай үндеулерге құлақ аспайды.

XS
SM
MD
LG