Ссылки доступа

Қырғыз президенті Үзген тұрғындарымен кездесіп, Кемпірабад су қоймасы төңірегіндегі дауды талқылады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 4 қазанда Ош облысы Үзген аудының тұрғындарымен кездесіп, Кемпірабад су қоймасы төңірегіндегі дауды талқылады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, кездесу аудан әкімдігінің ғимаратында өтті. Жергілікті тұрғындарға мемлекет басшысына сұрақ қоюға мүмкіндік беру үшін бірнеше жүздесу өтеді.

Сыртта қалған ондаған азамат президентпен бетпе-бет кездесуді, Кемпірабад су қоймасы төңірегіндегі дау туралы мәлімет беруді талап етті. Олар Садыр Жапаровтың көшедегі халықпен кездескенін қалайды. Тұрғындар "Билік, Кемпір-Абадтан қолыңды тарт!", "Хаттама жойылсын", "Кемпір-Абад жөніндегі шешімді халық шығарады" деп жазылған плакаттар ұстап тұр.

Президенттің баспасөз қызметі Садыр Жапаровтың Үзген ауданына сапары туралы әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ.

Қыркүйектің аяғында Ош облысы Үзген ауданында наразылық акциясы өтіп, қырғыз билігі Кемпірабад су қоймасын Өзбекстанға береді дегенді естіген жергілікті тұрғындар шекараға қатысты хаттаманы президенттің өзі түсіндіруін талап етті.

Бұның алдында Қырғызстан мен Өзбекстанның қырғыз-өзбек шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары хаттама қабылдағаны хабарланған.

Наурыз айында Ташкентте өткен келіссөздерден соң Қырғызстан ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев су қоймасындағы бөгет өзбек жағының бақылауында қалады, алайда су ресурсын тараптар бірге қолданады деп мәлімдеген. Содан бері Қырғызстанда билік шешіміне қарсы бірнеше наразылық акциясы өтті.

XS
SM
MD
LG