Ссылки доступа

Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісінің ұсталғаны хабарланды


Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісінің ұсталғаны жайлы хабар тарады. Қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбай 4 қазанда түнде Твиттер парақшасында белсенді Зиуар Мирманбетованы полицияның үйінен алып кеткенін жазды.

"Бұл Өзбекстан полициясының Қазақстанда ұстаған төртінші қарақалпақ белсендісі" деп жазды Ақылбек Мұратбай.

Қазақстанның құқық қорғау органдары әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Алматыда Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты үш қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов және Раиса Құдайбергенова ұсталған еді. 20 қыркүйекте жергілікті сот оларға 40 күнге қамау жөнінде бұлтартпау шарасын белгілеген.

Кей ақпаратқа қарағанда, белсенділер Өзбекстанда қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша күдікті деп танылып, іздеу жарияланған. Олардың үстінен "конституциялық құрылысқа нұқсан келтіру" (159-бап) және "қоғам тәртібіне қауіп төндіретін материалдар әзірлеу" (244-1 бап) баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қарақалпақ диаспорасының кейбір өкілдері олар қазанда өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) адам құқықтары жөнінде отырысына байланысты тұтқындалды деп есептейді.

  • Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылықты күшпен басып-жаншыған Өзбекстан билігі Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялаған.
  • Ресми мәліметке қарағанда Қарақалпақстандағы оқиға кезінде 21 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау органдарының өкілі. Осы оқиғадан кейін Өзбекстан парламенті конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
  • Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.
  • Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерінің хабарлауынша, шілдеден бері Қазақстан және Өзбекстанның құқық қорғау органдары Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты бірқатар белсенділерді тергеген.
XS
SM
MD
LG