Ссылки доступа

Тәжікстанға қашқан ресейліктер үшінші бір елге өтуді көздейді (видео)


На одной из улиц Душанбе
На одной из улиц Душанбе

Ресейде мобилизация жарияланған соң Тәжікстанға қашқан мыңдаған ресейлік үшінші бір елге өтуді көздейді. Олар мұнда өмір сүруге жағдай, жұмыс жоқ екенін айтты. Мемлекеттік органдар Тәжікстанға Ресейдің қанша азаматы келгені туралы ресми мәлімет бермей отыр.

Никита Мәскеуден Худжанд қаласына мобилизация жарияланған соң ұшып келді. Ол әрі қарай Түркияға өтуді, сол жерден ыңғайлы жұмыс табуды немесе әлем елдерін аралауды жалғастыруды көздеп отыр.

"Түркияға ұшқанға дейін осында, Тәжікстанда боламын. Түркиядан жұмыс тауып, сонда қалуға тырысамын. Ресеймен визасыз елге көшуді жоспарлағанмын", — дейді ол 5 қазанда Озоди радиосы тілшісіне.

Тәжікстанға келген басқа да ресейліктер Үндістанға, Өзбекстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне көшкісі келеді. Мәскеуден келген Максимнің Душанбеде жүргеніне бірнеше күн болды. Ол Өзбекстанға өткісі келеді. "Тәжікстанда интернеттің нашарлығы толғандырады. Сол себепті өмір сүру мен жұмыс табудың басқа да жолдарын қарастыруға тура келді", — дейді ол.

Максим – маркетолог. Ол Тәжікстанда айлығы жоғары жұмыс таба алатынына күмәнмен қарап отыр. "Мұнда жұмыссыздық деңгейі жоғары. Тәжіктер Ресейге жұмыс іздеп барады. Білімім мен тәжірибеме сай ресейлік нарықта жұмыс істеуім керек", - деп есептейді Максим.

Тәжікстан билігі ресейлік мамандарды осында қалдырғысы келер-келмесі әзірге белгісіз. Алайда оларды тәжік нарығына тарту мәселесі 5 қазанда Душанбедегі кездесуде талқыланды. Жүздесуге қатысушылардың айтуынша, Ресей азаматтары Тәжікстанға уақытша келді, егер оларға жағдай жасаса, осында қалуы да мүмкін.

Ресейде мобилизация жарияланған соң Тәжікстанға қанша ресейлік келгені туралы ресми мәлімет жоқ.

Озоди радиосы журналистері байқағандай, бұл күндері астанадағы қонақ үйлер адамға лық толы, мұнда бос орын жоқ.

21 қыркүйекте Ресей президенті ішінара мобилизация жариялады. Жарлыққа сәйкес, 45 жасқа толмаған жастарды әскерге шақырады, бірақ мыңдаған ресейлік көрші елдер мен Орталық Азияға қашып жатыр.

XS
SM
MD
LG