Ссылки доступа

Тәжікстанда белгісіз біреулер танымал имамға шабуылдады


Мулло Хайдар Шарифзода

Куляб қаласындағы мешіттің имамы Хайдар Шарифзодаға белгісіз біреу шабуылдады. Жергілікті милиция қызметкерлері мәліметті растады.

76 жастағы имамның 6 қазанда Озоди радиосына хабарлауынша, өткен аптада жаназа намаз кезінде оған белгісіз біреу шабуылдаған.

"Шабуылдаушы менің артымда тұрған, бірақ ол жалғыз емес деп ойлаймын. Жас жігіт мені электр есеңгіреткішпен ұрды. Оның серіктері белгі берген соң ол қашып кетті. Сол жердегі адамдарға оның артынан қуудың қажеті жоғын, Алла жазасын беретінін айттым", дейді молда Хайдар Шарифзода.

Куляб қаласының милициясы шабуылдаған адамның кім екені анықталғанын, оның ақыл-есі дұрыс емес екенін хабарлады. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалар-қозғалмасы әзірге белгісіз. Шабуылдаған адамның ұсталған-ұсталмағаны да беймәлім.

Хайдар Шарифзоданың айтуынша, шабуылдаған жігіттің туыстары оның алдына келіп, кешірім сұраған. "Мен соншалықты қатты зардап шекпедім ғой, сол себепті оны кешірдім", дейді имам.

Молда Хайдар Шарифзода даулы діни уағыздарымен танымал болды. "Менің міндетім – діндір адамдарды тәрбиелеу, жастарды дұрыс жолға салу. Ешкіммен қастаспаймын, ешкімді алдамаймын, ешкімнің ар-намысына тимеймін. Маған не себепті шабуылдағанын түсінбедім", дейді ол.

Молда Хайдар Шарифзода Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде ықпалды дін өкілдерінің бірі болды. 1990 жылы ол Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған. Кейінгі жылдары саясатпен шұғылданбайды. Имам тәжікстандықтардың Сирия мен Ирактағы соғыстарға қатысуын сынаған. Молда Хайдар Шарифзода былтыр мешіт жанынан кітапхана ашқан.

XS
SM
MD
LG