Ссылки доступа

Садыр Жапаров ТМД басшыларының Санкт-Петербургтегі бейресми саммитіне бармайды


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ТМД елдері басшыларының 7 қазанда Санкт-Петербургте өтетін бейресми саммитіне қатыспайды.

Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұран Ниязәлиев хабарлады.

Кейін президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев ТМД елдері басшыларының Санкт-Петербургтегі бейресми саммитіне Қырғызстаннан мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Қасмамбетов қатысатынын, Садыр Жапаров "жұмыс тәртібіне" байланысты шыға алмайтынын хабарлады.

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде Ресей мен Тәжікстан президенттерінің 70 жылдығы тойланады. Ұйым жетекшілері "аймақ тұрақтығы мен қауіпсіздігі" мәселелерін де талқылайды.

4 қазанда Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға III дәрежелі "Отанға сіңірген еңбегі" орденімен марапаттады. Жарлықта бұл орден "Ресей мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық әріптестікке, аймақ тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне үлес қосқаны үшін" берілді деп жазылған.

14-17 қыркүйек аралығында Қырғызстан мен Тәжікстан әскерилері қақтығысып қалды. Шекарадағы жанжалдан Қырғызстанның 63 азаматы мерт болып, 200-ден астам адам жараланды. Тәжікстан шекарасына жақын орналасқан аудандардағы 140 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. 18 қыркүйекте Қырғызстан СІМ Тәжікстанды қарулы агрессия жасады деп айыптады. Тәжікстан да Қырғызстанға осындай айып тақты.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі шекарадағы қақтығыстан 41 адам мерт болғанын хабарлады. Озоди радиосы тәжік-қырғыз шекарасындағы жанжалдан қаза болған 74 адамның тізімін дайындады.

XS
SM
MD
LG