Ссылки доступа

Сот алқасы белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты істе төрт күдіктіні ақтау үкімін жойды


Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты істегі төрт күдіктіні ақтау үкімін жойды. Сот шешімі 10 қазанда жарияланды.

Бұның алдында жәбірленуші тарап облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіріп, қылмыстық істі қайта қарауға жіберуін сұраған. Азаматтық белсендінің өліміне қатысты іс осымен үшінші мәрте қаралатын болды. Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылғы 28 мамырға қараған түні Атасу қыстағындағы үйінде атып кеткен. Бұның алдында Қарағанды облысының ауданаралық арнайы соты екі мәрте ақтау үкімін шығарған. Іс алқа билердің қатысуымен қаралған.

Облыстық сот алқасы осы істі қарау кезінде процессуалдық ережелер бұзылған деп таныды.

— Тергеу дұрыс жүрді. Мәселе сотта. Алқа билер соты дұрыс емес екен. Судья істі аяғына дейін қарамады, сот асықты. Осы жолы сот істі асықпай қарайтын шығар деп отырмыз, - дейді Азаттыққа марқұмның әпкесі Зәуре Бақтыбаева.

Бақтыбаевтың қазасына қатысты тергеу жүргізген полиция белсенді тапсырыспен өлтірілген деген қорытындыға келген. 2019 жылы 28 мамырға қараған түні белсендіні танысы үйіне жеткізіп тастаған. Бақтыбаев жолдасымен бірге сол танысының үйінен қайтып келе жатқан. Ғалы достарымен қоштасып, аулаға кіргенде алдынан әйелі шыққан. Белсенді қақпаны жауып, үйіне қарай беттеген. Бақтыбаевты үйіне жеткізіп салған азаматтар сотта оқ атылғанын және айқай-шу естігенін айтқан. Ғалы үйінің табалдырығынан аттай бергенде әлдекімдер екі рет оқ атқан. Қылмыскер қансырап жатқан белсендіні үйіне сүйреп кіргізген әйеліне тимеген. Үйді ешкім тонамаған.

Қайғылы оқиғадан бұрын белсендіге бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетілген. Ауласындағы жарығын, үйінің терезелерін шағып кеткен. Бірде белсендіні аяусыз ұрып-соғып, көзіне газ баллон шашқан. Қағазға үй мен оттың суретін салып, «Арыз жазғыш неме, тыныш жүр» деген хабарлама қалдырған. Марқұмның жақындарының айтуынша, полиция аталған жағдайлардан кейін кінәлілерді табуға тырыспаған.

XS
SM
MD
LG