Ссылки доступа

Ташкент дүкендерінде отандық сүт өнімдері тапшы


Өзбекстандағы тұтынушылардың хабарлауынша, Ташкенттегі дүкендерде пакетке құйылған отандық сүт өнімдері жетіспейді.

Әлеуметтік желі қолданушылар супермаркеттерде "Лактел", "Мұсаффо" секілді арзан сүт брендтері сатылмай қалғанын жазды.

Азаттықтың Өзбек қызметі Ташкенттегі Korzinka супермаркет желілері пакетке құйылған отандық сүт өнімдерін сатуға шектеу енгізгенін анықтады. Бір тұтынушыға үш немесе төрт пакеттегі сүт қана сатылады.

– Мұндай шектеу тұтынушылардың бәріне сүт жетсін деген оймен енгізілді, – дейді Ташкенттегі Korzinka супермаркетінің бір қызметкері.

Супермаркет желілерінде Ресейден, Балтық елдерінен импортталған сүт бар. Алайда мұндай сүт отандық тауардан 30-40 пайыз қымбат.

Ташкенттегі азық-түлік дүкендеріндегі саудагерлердің айтуынша, жергілікті өндірушілер сүт өнімдерін жеткізбейтін болған.

– Отандық сүт өнімдерін алмағанымызға екі апта болды. Сүтті құятын пакет тапшы деп естідік, – дейді "Макро" супермаркетінің бір қызметкері.

Әлеуметтік желі қолданушылар пакетке құйылған сүттің қымбаттауына Tetra Pak швед-швейцар компаниясының Ресей нарығынан кетуі себеп болды деп жазды. Айта кетейік, Tetra Pak тамақ өнімдерін қаптайтын материалдар өндіретін әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі.

Өзбекстанда мұндай материал шығаратын компания жоқ. Украинада соғыс басталғанға дейін Өзбекстан мұндай материалды Ресей зауыттарынан алған.

Өзбекстан бір жылда 10 миллион тоннадан астам сүт өндіреді. Биыл қаңтар-шілде аралығында Өзбекстан 22,3 мың тонна сүт өнімін әлемнің отызға жуық еліне импорттаған.

XS
SM
MD
LG