Ссылки доступа

Жаңаөзенде мұнайшылар соққыға жығылған белсендіні қолдап, екі сағатқа жұмысын тоқтатты


12 қазанда Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшылары өткен аптада соққыға жығылған белсенді Мұратбай Жұмағалиевті қолдап, жұмысты екі сағатқа тоқтатты. Олар белсендінің соққыға жығылуына орай қозғалған қылмыстық істі тезірек тергеуді, кінәлілерді табуды талап етті.

"Кешегі күні Мұратбай Жұмағалиевті өлімші қып таяқпен сабап, қазір үйінде балдақпен жатыр. Сол Мұратбайды ұрып кеткен азаматтарды тапқанша осылай қарсылық білдіреміз. Мұратбай Жұмағалиевтің үйінің алдындағы көлік өртеніп кетті. Ол ашылған жоқ. Қорасындағы жылқысын өлтіріп кетті. Ол ашылған жоқ. Енді өзін өлімші қылып сабап кетті. Сондықтан Жаңаөзен полициясынан Мұратбайды ұрып кетуге орай қозғалған қылмыстық істі тезірек ашып беруді талап етеміз" деді видеомәлімдемеде Нұрлыбек Нұрғалиев.

Нұрлыбек Нұрғалиев Азаттыққа акцияға шамамен қанша адамның қатысқанын айта алмайтынын, "Өзенмұнайгаз" бұрғылау жұмыс басқармасы вахташыларының жұмысты тоқтатқанын жеткізді. Кәсіпорын басшылары келіп "бір адамға бола тұтас кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға бола ма?" деп сұрап, шараға қарсылық білдірген. Алайда жұмысшылар екі сағаттық акцияны үзбеген.

Азаттық кәсіпорын басшыларынан жауап ала алмады.

6 қазанда Жаңаөзенде үйінің маңында белсенді Мұратбай Жұмағалиевті ұрып кеткен еді. Маңғыстау облысы полиция департаменті белсенді ауруханаға түскеннен кейін "Бұзақылық" (293-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Мұратбай Жұмағалиев – Жаңаөзенде қоғамдық мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. Ол соңғы кезде қаладағы жұмыссыздық, ресейліктердің елге ағылуына байланысты шара қолдану мәселелерін көтеріп жүрген.

Ол маусым айында мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиевпен бірге Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда болған қанды оқиғаны қайта тергеуді талап етіп, президент әкімшілігіне хат тапсырған.

XS
SM
MD
LG