Ссылки доступа

Путин, Жапаров және Рахмон қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды талқылады 


13 қазанда Астанада Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері Садыр Жапаров, Владимир Путин және Эмомали Рахмонның үшжақты кездесуі өтті. 

Онда қырғыз-тәжік шекара мәселесі талқыланғанын Жапаровтың баспасөз қызметі хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, қырғыз президенті Путинге бірлескен кездесу өткізу бастамасына, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара мәселелеріне көмек көрсетуге дайындығы үшін ризашылығын білдірген.

"Жапаров қырғыз тарап таласты мәселелерді бейбіт жолмен және саяси-дипломатиялық шаралармен ғана шешуге әзір екенін жеткізіп, тәжік тараптың қарулы агрессиясының салдарын еске салды. Қырғыз президенті сонымен бірге екі ел шекара сызығы екі тарапқа тең шешілуіне ынталы екенін, бұл тұрақтылық және тату көрші кепілі болатынын атап өтті", - деп айтылады қырғыз президентінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Кездесу кезінде Владимир Путин екі өлке бірдей Ресейдің стратегиялық әріптесі екенін, халықаралық ұйымдар аясында тығыз қарым-қатынаста екенін атап өткен.

Ол сонымен бірге Қырғызстанның бір миллион, Тәжікстанның 2 миллион азаматы Ресейде оқып, жұмыс істеп жатқанын жеткізген.

Үш тарапты кездесу жабық есік жағдайында өткен. Ол бойынша басқа мәлімет айтылмайды.

Бұл кездесу Путиннің бастамасымен өткен.

Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері екі ел шекарасында болған қарулы қақтығыстан кейін бірінші рет кездескен. Онда Жапаров пен Рахмон қол алысып амандаспаған.

16-17 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында қан төгілген оқиғаны Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі "Тәжікстанның алдын ала жоспарлаған қарулы агрессиясы" деп атаған.

Душанбе айыпты Бішкекке аударды.

XS
SM
MD
LG