Ссылки доступа

Путиннің Қазақстанға сапарын сынаған Алматы тұрғыны 15 тәулікке қамалды


Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапарын сынап, видео жариялаған Алматы тұрғыны Рафик Жарылқасымов 15 тәулікке қамалды. Бір күн бұрын полиция оны Алматының Ақсай ықшам ауданынан ұстап, әкеткен болатын. Ізінше сот өткен.

Sud.kz сайтындағы мәліметке қарағанда, Алматы тұрғынына "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 7-бөлігі) деген айып тағылған. Сот шешімінде Жарылқасымовтың "Ресей президенті Владимир Путиннің келуіне байланысты заңсыз митингіге шақырғаны", соған үндеген "бейнетаспа" анықталғаны жазылған. Онда Жарылқасымов "кінәсін толық мойындады" деп айтылады. Бірақ онда жауапкер "құқық бұзушылық жасамадым" деп уәж айтты деп те көрсетілген.

Жауапкердің әйелі Вера Жарылқасымованың айтуынша, 13 қазанда сот процесі "жасырын" өткен. Оған адвокат та қатыспаған.

"Процеске ешкімді шақырған жоқ. Ешкімге ештеңе айтқан жоқ. Ешкім соттың нешеде болатынын білген жоқ" деді Вера Жарылқасымова Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, процесте адвокат жоқ болғандықтан күйеуі сотта өзін-өзі қорғауға мәжбүр болған.

Вера Жарылқасымова 13 қазанда түнде сот шешімі шыққаннан кейін Фейсбукта "украин мәселесін қолдау, путиноидпен әріптестікке келіспеудің Қазақстанда салдары бар" деп жазды. "Кәмелетке толмаған үш бала 15 күн асыраушысыз қалды" деді ол.

Алматыда түнде белсенділер Рафик Жарылқасымовты қолдап Бостандық аудандық полиция басқармасына барған.

Рафик Жарылқасымовтың ұсталуына оның Фейсбукта видео жариялап, 15 қазанда "Путиннің сапарына байланысты" наразылыққа шығуға шақырғаны түрткі болған. Ер адам осыған дейін қала әкімдігіне митинг өткізетіні жайлы ескерту бергенмен билік рұқсат етпеген.

  • Осыған дейін әлеуметтік желіде Ресей басшысының Қазақстанға келуіне наразылықтар күшейген. Құқық қорғаушылар, саясаттанушылар, қарапайым қолданушылар Путиннің Украинаға ашқан соғысын айыптап, оны елге келтірмеуді талап еткен.
  • Сәрсенбі күні Алматыда полиция Путиннің сапарына қарсылық білдірген белсенділерді ұстап босатқан.
  • Қазақстанға 13 қазанда келген Владимир Путиннің сапары Астанада жалғасып жатыр. 14 қазанда ол ТМД елдері басшыларының саммитіне, бұдан бөлек "Ресей – Орталық Азия" саммитіне қатысады.
XS
SM
MD
LG