Ссылки доступа

Қырғызстандағы бірнеше банк Ресейдің "Мир" төлем карталарына қызмет көрсетуді тоқтатты


Қырғызстандағы "Компаньон", "Дос-Кредобанк" және "Бақай банк" коммерциялық банктері Ресейдің "Мир" төлем жүйесіне қызмет көрсетуді доғарды.

Қаржы ұйымдарының колл-орталықтары Азаттықтың Қырғыз қызметіне "Мир" төлем карталарына қызмет көрсету тоқтағанын растады.

"Дос-Кредобанк" қызметкерлерінің хабарлауынша, Ресейдегі бірнеше банкпен байланысты үзу туралы шешім 17 қазанда қабылданған. "Өкінішке қарай, мұндай шешім не себепті қабылданғанын біз білмейміз", - дейді "Дос-Кредобанк" қызметкері.

"Компаньон" коммерциялық банкі "Мир" карталарына қызмет көрсетуді 4 қазанда тоқтатқаны мәлім болды. Қаржы мекемесінің мұндай шешімді қабылдау себебі белгісіз. Банк қызметкерлері басшылық шешіміне сүйенеді.

"2022 жылғы 4 қазанда біз Ресейдің "Сбербанк", "Альфа банк", "Газпромбанк", "Совкомбанк" және тағы 20 банкпен байланысты үздік", - дейді "Компаньон" банктегілер.

"Бақай банк" колл-орталығындағылар Ресейдегі барлық қаржы ұйымдарымен байланысты үзгенін жасырмады. "Біз бүгіннен бастап Ресейдегі барлық банктермен әріптестікті тоқтаттық. Себебін айта алмаймын. Банктің ішкі саясаты", - дейді коммерциялық банк өкілі.

Қырғызстан Ұлттық банкінің ресми өкілі Аида Қарабаева әрбір коммерциялық банк шешімді өз еркімен қабылдайтынын айтты.

"Бұл ["Мир" картасына қызмет көрсетуді доғару] - коммерциялық банктердің шешімі. Сіз солардан сұраңыз. Әрбір банк қазіргі жағдайды ескере отырып дербес шешім қабылдай алады. Мен бұған баға бере алмаймын. Біз оларға ешқандай тапсырма бермедік, бұл олардың коммерциялық әрекеті", - дейді Ұлттық банк өкілі.

Бұның алдында АҚШ қаржы министрлігі ресейлік төлем жүйелеріне Ресейден тыс аумақта қызмет көрсетушілерге санкция енгізуге дайын екенін мәлімдеген. Содан кейін Түркиядағы, Қазақстан мен Вьетнамдағы бірнеше банк "Мир" төлем карталарын қабылдауды тоқтатты.

Қыркүйек айында "Мир" төлем жүйесінің карталарына қызмет көрсетуді Қазақстандағы Халық Банк пен ЦентрКредит Банк доғарды.

XS
SM
MD
LG