Ссылки доступа

Қырғызстанда биыл әлеуметтік желілердегі жазбалар негізінде 23 қылмыстық іс қозғалған


2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қырғызстанның құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздікке үндеуге қатысты 3 қылмыстық іс, араздық тудыруға қатысты 22 қылмыстық іс қозғаған.

"Кылым Шамы" қоғамдық қорының жетекшісі Гүлшайыр Абдирасулова 18 қазанда Қырғызстандағы қылмыстық қудалаулар туралы дөңгелек үстел отырысында осындай мәлімет келтірді.

Оның айтуынша, мұндай ақпаратты Бас прокуратура берген. 25 қылмыстық істің 23-і әлеуметтік желілердегі жазбалар негізінде қозғалған. 12 іс сотқа жеткен.

"Мәліметке қарасаңыз, істердің дені әлеуметтік желілердегі жазбалар негізінде қозғалады. Мұндай жағдай алаңдатып отыр. Заңдағы бұл баптарды түрліше қарастыруға болады. Мысалы, ұлт абыройы деген не? Оның қалай анықтауға болады? Ұлт абыройын түсіру-түсірмеу дегеннің мөлшері бар ма? Осындай баптармен 5-8 жылға соттауы мүмкін", - дейді адам құқықтарын қорғаушы.

Дөңгелек үстел отырысында Next TV директоры Таалай Дүйшенбиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы да сөз болды. Биыл қыркүйек айында Бішкектің 1-май аудандық соты телеарна директорын кінәлі деп таныды. Дүйшенбиевті бес жылға соттады, бірақ 3 жыл бақылауда ұстау жазасына алмастырылуына байланысты бостандыққа шықты. Телеарна директорына қарсы іс ұлт араздығын тудыру айыбы негізінде қозғалған. Тергеу нұсқасы бойынша, телеарна "Қырғызстан Ресейге Украинада арнайы әскери операция жүргізуге көмектеседі" деген жалған ақпарат таратқан.

XS
SM
MD
LG