Ссылки доступа

Путин қырғыз бен тәжіктің шекара дауын "шешетін" архив картасын беруге әзір


Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауын шешуге көмектесетін, совет кезінен қалған архив карталарын Бішкекке беруге келіскен.

17 қазанда Қырғызстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының хатшысы Марат Иманқұлов таяуда Астанада өткен ТМД елдері саммитінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Путиннен қырғыз-тәжік шекарасын демаркациялау мен делимитациялауға көмек сұрағанын айтты.

"Менің ойымша, бұл мәселе шешіледі, Мәскеуден архив құжаттары мен карталарын табуға болады" деді Иманқұлов.

Бұған дейін Путин Ресей архивінде бұрынғы советтік республикалардың шекарасы туралы "сенімді" ақпараттар бар екенін, ондай ақпарат бұрынғы советтік республикалардың өздерінде де болмауы мүмкін екенін" айтқан.

13 қазанда Астанада Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей президенттері үшжақты кездесу өткізген. Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев келіссөз "Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауын шешуге дайын екенін" бұған дейін мәлімдеген Путин бастамасымен өткенін хабарлады.

Өткен айда қырғыз-тәжік шекарасында тағы да ірі қақтығыс болып, екі жақ бір-бірін айыптаған.

XS
SM
MD
LG