Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан "шекарадағы арандатушылық әрекеттерге" бірін-бірі айыптап жатыр 


Тәжікстан қырғыз әскері шекараға бронетехникасын қойып жатыр деп мәлімдеді. Суретті Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратты. 
Тәжікстан қырғыз әскері шекараға бронетехникасын қойып жатыр деп мәлімдеді. Суретті Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратты. 

Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Соғды облысы бойынша шекара әскери басқармасы Қырғызстанды "тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдайды тұрақсыздандыруға әкелетін арандату әрекеттерін жасап жатыр" деп айыптады. 

Мұндай мазмұндағы мәлімдеме қырғыз-тәжік шекарасындағы қанды оқиғадан тура бір ай өткеннен кейін, 19 қазанда "Ховар" агенттігінің сайтында жарияланды.

"26 қыркүйектен 15 қазан аралығында Қырғызстанның ұшқышсыз ұшақ аппараттары 13 рет Тәжікстан әуе кеңістігін бұзып өтті. Сонымен бірге қырғыз билігі шекараға жақын маңға әскери бронетехникаларын жайғастырып жатыр. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде Тәжікстанға қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдар жүріп жатыр. Мұның бәрі қырғыз тарапының достастыққа қарсы ниеті екенін дәлелдейді", - делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге қырғыз азаматының Калача ауылының үйін өртеп жібергенін, тәжік ауылы тұрғындарына үнемі тас лақтырылатынын, нәтижесінде 9 жастағы баланың зардап шеккені жазылған.

Өз кезегінде Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы шекара қызметі тәжік тараптың айыбын ақылға қонымсыз деп қабылдады.

Тәжікстан билігінің айыбы ешқандай шындыққа сәйкес келмейді деген қырғыз билігі ақпаратты бұрмалап, шекара маңындағы тұрғындарды арандатып жатыр деп мәлімдеді.

"Тәжікстан билігі шекара маңында әскерін күшейтіп жатқан әрекетін Қырғызстан шекарашыларына таңып жатыр. Шындығына келетін болсақ, 25 қыркүйектен бері тәжік тарапы тағы оқ ату әрекетіне дайындалып жатыр. Қырғызстанмен шекара маңына жертаса және ор қазылып жатыр", - делінген қырғыз тарапы таратқан мәлімдемеде. Онда сонымен бірге тәжік дрондарының он рет қырғыз әуе кеңістігін бұзып өткені айтылған.

14-17 қыркүйекте тәжік-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болып, екі тараптан жүзден астам адам қайтыс болды.

XS
SM
MD
LG