Ссылки доступа

Қырғыз депутаттары белсенділердің қамалғанын сынға алды 


Жогорку Кеңештің бір топ депутаттары елінде саясаткерлер мен белсенділердің үйін тінтіп, қамауға алынғанын сынға алды. 

Депутат Жанар Ақаев еркін пікірін білдірген азаматтардың қамалғанын айыптап, оларды тез арада босатуға шақырды.

"Бүгінгі қамаулар ақылға сыймайтын көрініс, милиция белсенділерді, саясаткерлерді, блогерлерді тез арада босатсын. Бұл өтініш емес, талап. Заңды бұзбаңыздар", - деді Ақаев.

Депутат Тазабек Икрамов Фейсбук парақшасына "саяси қысымға алу, үйін тінту қоғамдағы билік пен халық арасындағы ашық диалогқа кедергісін келтіреді", - деп жазды.

Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдил Байсалов бұл оқиғаға қатысты әлеуметтік желілер арқылы видео үндеуін жеткізді. Онда Байсалов күш органдарының тергеу нәтижесін күтуге шақырып, халықты билік жетекшілерінің шешімдерін қолдауға үндеді. 23 қазанда Бішкекте жиырмаға жуық саясаткер, белсенділер және блогерлердің үйіне тінту жүргізіліп, милицияға шақырылған. Біразы 48 сағатқа қамауға алынды.

22 қазанда бірқатар саясаткерлер, саяси ұйымдар, белсенділер "Кемпірабадты қорғау" комитетін құрғанын жариялаған.

22 қазанда президент Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне сұқбат беріп, қырғыз-өзбек шекарасы бойынша түсіндірме берген. Онда Кемпірабад су қоймасындағы мәселеге кеңінен тоқталып, шағымданушылар дұрыс емес ақпарат таратып жатыр деген. Президент бұл келісім жақында Жогорку Кеңеште ашық талқыланатынын айтып, одан кейін халықтың 99% бұл келісімді қолдайтынын жеткізген.

XS
SM
MD
LG