Ссылки доступа

Астанада митингі өткізбек болған қоғам белсендісі Амангелді Жахинді полиция Шортандыдан шығармаған


Бүгін, 25 қазанда қоғам белсендісі Амангелді Жахин Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, өзін полиция қызметкерлері Астанаға жібермей тұрғанын хабарлады.

Тікелей эфирде Амангелді Жахиннің көлігін полиция тоқтатып тұрғаны көрінеді. Көлігінде отырған Амангелді Жахинге полиция қызметкері келіп, әлдебір қағаз ұстатқан.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Амангелді Жахин ол қағаздың "өзіне белгісіз қылмыстық іске байланысты бүгін, 25 қазанда сағат 11-ге Шортанды аудандық полиция бөліміне шақыру қағазы" екенін айтты.

- Кешеден бері үйімді қарапайым киімдегі адамдар торуылдады. Бүгін Астанаға бару үшін автобанға шыққанымда полиция көлігі алдыма көлденең тұрып, полиция бөліміне шақыру қағаз тапсырмақ болды. Шақыру қағазын тергеуші беруге тиіс, ал маған көрсеткен қағазда тергеушінің аты-жөні де жоқ,- дейді ол.

Шортанды кентінен 60 шақырымдағы Астанаға шыққан Амангелді Жахин тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясын ұйымдастыру тобының мүшесі екенін айтты. Оның сөзінше, бүгін, яғни 25 қазанда митингі өткізетіні жөнінде серіктесі, марафоншы Марат Жыланбаевпен бірге Астана қаласы әкімдігіне алдына ала хабар берген. Митингіде мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауын заңсыз деп санау және жаңа саяси партияларды тіркеу туралы талап қойғысы келгенін айтады.

- Астана әкімдігі митингі өткізуге рұқсат берілмейтінін хабарлады. Алайда біз әкімдіктен рұқсат сұраған жоқпыз. Қазіргі заң бойынша, митингі өткізу үшін рұқсат сұраудың керегі жоқ, хабар берсең жеткілікті деп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет айтты емес пе? Мені түрлі сылтаумен Астанаға жеткізбейтінін білдім, осы арқылы "әкімдікке хабар беріп, митингіге шыға беруге болатыны" жөнінде билік айтып жүрген сөздердің шындыққа сай келмейтінін дәлелдегім келді,- дейді Амангелді Жахин.

Шортандыдағы үйіне қайта оралуға мәжбүр болған Амангелді Жахин үйіне келгенін, үй сыртында полиция көлігі торуылдап тұрғанын айтты.

Биыл 10 шілдеде "Алға, Қазақстан" партиясын ұйымдастыру комитетінің бір топ мүшесін, арасында Амангелді Жахин де бар, полиция әкетіп, әрқайсысына 50 айлық көрсеткіштен айыппұл салған. Өздері құрғысы келетін саяси ұйым жайлы ақпарат таратып жүрген белсенділерді ұстаған полиция оларға "Қазақстан заңында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе оған тыйым салынған қоғамдық бірлестіктің қызметіне қатысты" (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының 10-тармағы) деген айып таққан. Белсенділер бұл айыппен келіспей, "Алға, Қазақстан" тыйым салынбаған ұйым деп уәж айтқан.

Бұған дейін әділет министрлігі оппозициялық белсенді Жасарал Қуанышәлин бастаған азаматтардан "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу құжаттарын қабылдаудан бас тартып, бастамашыл топтың тізімі заңға сай емес екенін, тізімде қайтыс болған адамдардың аты-жөні жүргенін алға тартқан.

Қазақстанда кейінгі отыз жылда алғаш рет президент ауысқан 2019 жылдан бастап елде жаңа партия құру туралы бастама көтерушілер көбейген. Әділет министрлігінің мәліметінше, содан бері жаңа партия тіркеу туралы 14 өтініш түскен. Осы кезеңде билікке сын айтып, саяси-экономикалық реформа жүргізуді талап етіп жүрген белсенді азаматтар "Қазақстанның демократиялық партиясы", HAQ, "Республика", "Біздің таңдау", "Ел тірегі", "Ел мен жер" партияларын құратынын мәлімдеген. Кейбірі бағдарламасының жобасын да жариялаған. Суперпрезиденттік билік жүйесінен парламенттік басқару формасына көшуді ұсынып, елге саяси-әлеуметтік және экономикалық реформалар қажетін айтып, үкіметтен жаңа партияларды тіркеуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG