Ссылки доступа

Қамаудағы тәжік блогеріне абақтыда туыстармен кездесуге рұқсат берді


Тәжік блогері Абдусаттор Пірмұхаммадзоданың туыстары онымен тергеу изоляторында қауышты.

Пірмұхаммадзоданың әйелі, кәмелет жасқа толмаған баласы және әпкесі онымен 22 қазанда кездесті, деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) блогердің бауыры.

Оның айтуынша, Абдусаттор Пірмұхаммадзода абақтыда жазған хаты Озоди радиосында жарияланған соң тергеу изоляторы қызметкерлерінің қысымына ұшырағанын жеткізген. Ол хатта ұсталған күннен бастап "аяусыз азапталғаны" туралы баяндаған. "Мені ұрып-соғып, тоқпен қинаған уақытта өмір сүргім келмей қалды", деп жазған блогер. Пірмұхаммадзоданың айтуынша, милиция қызметкерлері мен тергеушілер азаптау мен ұрып-соғу арқылы "ойдан құрастырылған істегі" айыптарды мойындатуға талпынған.

"Абдусаттор әйелі мен әпкесіне хат жарияланған соң тергеу изоляторының басшылығы оны "асқан ыждағаттылықпен тергегенін" айтқан. Олар хатты не себепті жазғанын, оны кімнен беріп жібергенін білгісі келген", - дейді блогердің бауыры Абдукәрім.

Блогердің туыстары оның бетінен соққы іздерін байқамаған, бірақ оның көңілсіз екенін көрген.

Абдусаттор Пірмұхаммадзоданың туыстары блогердің өмірі мен денсаулығы үшін алаңдап отыр. Олардың айтуынша, блогер қысымға шыдамай, тағылған айыптарды мойындауға мәжбүр болған.

Тәжікстан билігі Абдусаттор Пірмұхаммадзода мен басқа да журналистерге, блогерлерге қарсы қозғалған қылмыстық істер жөнінде пікір білдіруден бас тартып отыр.

XS
SM
MD
LG