Ссылки доступа

Ресей стратегиялық ядролық күштер жаттығу өткізіп жатқанын АҚШ-қа ескертті


Сейсенбі күні Ресей Құрама Штаттарды "Гром" стратегиялық ядролық күштердің жаттығуы басталғанын ресми түрде ескертті. Әскери жаттығу кезінде ядролық оқтұмсық тасуға шамасы жететін баллистикалық зымырандар сыналады, деп хабарлады Пентагон мен Мемлекеттік департамент өкілдері.

Жылда ұйымдастырылатын әскери жаттығуға биыл ерекше назар аударылады, себебі ол Ресей Украинамен соғысып жатқан уақытта өтіп жатыр. "Ресей жаттығу өтетінін хабарлау арқылы қарулануға бақылау жөніндегі міндеттерін орындап отыр", - деп мәлімдеді Пентагонның баспасөз хатшысы Патрик Райдер. "Мұндай ескерту жаттығуды бұрыс бағалаудан сақтайды", - деп есептейді Мемлекеттік департамент өкілі Нед Прайс.

Бұның алдындағы дәл осындай әскери жаттығу Ресей Украинаға басып кірерден бірнеше күн бұрын ұйымдастырылған. Сол кезде осындай жаттығу өтетіні алдын ала хабарланбаған. АҚШ өкілдерінің айтуынша, олар Ресей жағының жаттығу туралы ескертуін бір апта бойы күткен.

Қазан айының басында НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейде өтетін әскери жаттығуларды жіті бақылайтынын, "ядролық қауіп пен қорқыту-үркіту" үдей түскен уақытта "аса қырағы болатынын" мәлімдеген.

Бұл уақытта Бельгияда NATO жыл сайын ұйымдастыратын Steadfast Noon жаттығулары өтіп жатыр. Оған әскери блокқа мүше 14 елдің ұшқыштары жиналды. Олар екі апта бойы стратегиялық емес ядролық қару қолдану операцияларын пысықтайды.

XS
SM
MD
LG